«JASTAR upgrade» семинар-тренингі өз мәресіне жетті
Жастар саясаты саласында қызмет атқаратын мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «JASTAR upgrade» семинар-тренингі табысты аяқталды. Екі күнге созылған оқу бағдарламасы қатысушылардың кәсіби құзыреттерін нығайтып, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заманауи тәсілдер мен жаңа жұмыс форматтарын меңгеруге мүмкіндік берді.
Іс-шараға сала мамандары мен тәжірибелі тренерлер арнайы шақырылды. Семинардың бірінші күнінде дәрістер мен практикалық сессияларды төмендегі спикерлер жүргізді:
-
Айдын Қайырбекұлы – «Салауат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, PhD докторы;
-
Гүлфия Октябрьқызы Берекполова – жобалық менеджмент бойынша тренер-кеңесші, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының аға оқытушысы;
-
Бекарыстан Аманжолов – «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі республикалық кеңестің хатшысы.
Семинар барысында стратегиялық жоспарлау, деректерге негізделген шешім қабылдау, кадрлық менеджмент, жобаларды басқару, команда құру, сондай-ақ түрлі санаттағы жастармен тиімді өзара әрекеттесу мәселелері жан-жақты қамтылды.
Екінші күннің негізгі спикері – Қазақстан Бизнес-тренерлер қауымдастығының басшысы, Назарбаев Университетінің зерттеушісі әрі докторанты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айгерім Мұхтарқызы болды. Ол жастар ұйымдарындағы бизнес-үдерістерді оңтайландыру және жобалардың нәтижелерін кәсіби деңгейде таныстыру тақырыптарында мазмұнды тренинг өткізіп, қатысушыларға практикалық құралдар мен нақты ұсыныстар ұсынды.
Іс-шара қорытындысында семинар-тренингке қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.
«JASTAR upgrade» жобасы жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби әлеуетін арттырып, алдағы уақытта тиімді бастамалар мен нәтижелі жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді деп күтілуде.








