Облыс әкімі Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің жұмысымен танысты
1968 жылы пайдалануға берілген колледж бүгінде өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру бағытында мамандар даярлайтын іргелі оқу орындарының бірі саналады.
Оқу орнында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, инновациялық білім беру орталығы ретінде жұмыс істейді. Компьютерлік техникамен толық жабдықталған информатика кабинеттері, STEM-зертхана, колледж студиясы студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға және практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Оқу кабинеттері студенттердің жан-жақты дамуына қажетті барлық талаптарға сай жабдықталған.
Колледж студенттері халықаралық деңгейдегі кәсіби жарыстарға қатысып келеді. 2024 жылы Францияның Лион қаласында өткен WorldSkills Lyon чемпионатына, 2025 жылы Данияның Хернинг қаласында өткен EuroSkills Herning чемпионатында бақ сынады. Колледж кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен өңірлік байқауда «жұмысшы кадрларды даярлайтын үздік колледж» атағын жеңіп алды.
Оқу орны академиялық ұтқырлықты дамыту бағытында Германияның бірқатар өндірістік компанияларымен меморандумдарға қол қойды. 2024–2025 оқу жылында Қазақстан бойынша 22 келісім мен меморандум, сондай-ақ Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласындағы инженерлік-педагогикалық колледжбен 2 халықаралық меморандум жасалды. Құзыреттілік орталығы халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау, WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды дайындау және жұмысшы мамандықтарын насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Білім ордасында қазір 1400 студент оқып жатыр. Оның 300-і жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда.
Облыс әкімі Берік Уәли колледждің тыныс-тіршілігімен танысып, оқытушылармен, студенттермен пікірлесті. Аймақ басшысы студенттердің жұмыстарын көріп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өңір үшін маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді.









