Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығында пайдалануға берілген 10 төсектік күндізгі стационары бар, 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.
Жаңа медициналық нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған амбулатория ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Мұнда емделушілер күндізгі стационарлық ем алып, дәрігерлік бақылаудан өтуге мүмкіндік алады.
Нысанның ашылу рәсімінде аймақ басшысы ауыл халқын жаңа медициналық мекеменің іске қосылуымен құттықтап, денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Баршаңызды Үржар халқына қызмет ететін дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – аудан экономикасының дамуына, жалпы халыққа қызмет көрсету бағытындағы үлкен айтулы оқиға. Қазіргі таңда Үржар ауданының тұрғындарына аудандық көпсалалы орталық ауруханамен қатар, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 16 медициналық пункт қызмет көрсетуде. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында биыл облысымызда денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың өмір сапасын жақсартып, заманауи медициналық мүмкіндіктерге қол жеткізу мақсатына көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Үржар ауданында бүгін ашылып отырған дәрігерлік амбулаториядан бөлек «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7 елді мекенде медициналық нысандар салу жұмыстары аяқталды. Өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытып, халықты сапалы медициналық қызметпен қамту жұмысы жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жүргізіле бермек», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары жаңа ғимараттың ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
«Алғашқы медициналық көмек көрсететін нысанның ашылғанына өте қуаныштымыз. Денсаулық нысаны өте жақсы салынған, сапасы өте жоғары. Ауданымызға жан жақты көңіл бөлініп жатыр. Ғимарат ел игілігіне жұмыс істесін», – деді Үржар ауылының тұрғыны Нұрланбек Сандыбаев.