Облыс әкімі Үржар ауданының Ер-Қабанбай ауылында болды
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданындағы Ер-Қабанбай ауылындағы әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.
Аймақ басшысы әуелі елді мекендегі медициналық пункттің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда терапевт, акушер және ем-шара кабинеттері бар. Бір күнде 15 емделушіге дейін қабылдай алады.
Облыс әкімі медициналық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ер-Қабанбай ауылында су құбыры желілері мен су жинау ғимаратының құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл толық аяқталды. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 9,122 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды. Су көзі ретінде тереңдігі 70 метр болатын ұңғыма пайдалануға берілді. Сорғы жабдығы 20 метр тереңдікке орнатылған. Жоба аясында барлығы 84 құдық пен 21 өрт гидранты қарастырылды.
Жаңадан салынған су құбыры желісі арқылы 129 абонент сапалы ауыз сумен қамтылып, жалпы саны 533 тұрғынға қызмет көрсетіледі. Жоба елді мекеннің 5 көшесін толық қамтиды. Айта кетейік, Ер-Қабанбай ауылында бұрын таза ауыз су болмаған.










