Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
511 602.72 6.49

Еуразиялық интеграция институты: Президентке сенім жоғары, теледидар мен әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі болып отыр

Бүгін, 15:50 018.kz

Еуразиялық интеграция институты (ЕИИ) 2025 жылдың қорытындысын шығару аясында қоғамдық көңіл-күй мен бұқаралық саясатты бағалауға арналған онлайн-брифинг өткізді. Зерттеу 2025 жылғы 1–10 қараша аралығында жүргізіліп, елдегі қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылық, медиа тұтыну арналары, ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі, әлеуметтік-экономикалық жағдайды бағалау, Мемлекет басшысы қызметінің рейтингі және саяси партиялардың танымалдылығы қамтылды.

Сауалнама 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада (қалалық және ауылдық жерлерде) 18 жастан асқан 1 467 респонденттің қатысуымен өтті. Зерттеу әдісі – респонденттердің тұрғылықты жері бойынша бетпе-бет (face-to-face) жеке сұхбат түріндегі жаппай сауалнама.

Зерттеу нәтижелері Мемлекет басшысының қызметіне жоғары қоғамдық қолдау бар екенін көрсетті. Респонденттердің 78,5%-і Президенттің соңғы үш айдағы жұмысын тиімді деп бағаласа, 71,5%-і Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақын болашақта елдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндігі бар екенін атап өткен. Ал келесі жексенбіде президенттік сайлау өтсе, сауалнамаға қатысқандардың 77,3%-і оның кандидатурасына дауыс беруге дайын екенін білдірген. Бұл электоралды қолдаудың тұрақты жоғары деңгейін айғақтайды.

Қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылық та сақталған. Сауалнамаға қатысушылардың 52%-і елдегі саяси және экономикалық жағдай туралы ақпаратты үнемі бақылап отыратынын айтқан.

Ақпарат алу көздеріне келсек, негізгі оқиғалар туралы азаматтар көбінесе теледидарға (52,7%) және Instagram әлеуметтік желісіне (51,2%) жүгінеді. Одан кейін TikTok (39,7%), WhatsApp (33,5%), интернет-ресурстар мен ақпараттық агенттіктер (29,7%) және YouTube (26,7%) аталған. Сонымен қатар, тұлғааралық байланыс та маңызды рөл атқарады: респонденттердің 19,4%-і елдегі жағдайды отбасы мүшелері мен туыстарынан, 18,7%-і достары, әріптестері мен көршілерінен біледі.

Ақпарат көздеріне деген сенім деңгейін бағалау барысында мемлекеттік республикалық телеарналар алдыңғы орынға шықты – 41,8%. Одан кейін Instagram (28,9%), республикалық қамтуы бар жеке телеарналар (27,5%) және мемлекеттік органдардың ресми сайттары (24,8%) аталды. Цифрлық платформалар ішінде YouTube-ке 20,9%, TikTok-қа 18% респондент сенім білдірген. Интернет-ресурстарға сенетіндер үлесі 14,9%-ті құрады. Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, көрсеткіштердің жиынтығы 100%-ке тең емес.

Бұл деректер елде гибридті медиа тұтыну моделінің орныққанын көрсетеді. Теледидар, әсіресе мемлекеттік арналар, ресми ақпарат көзі ретінде жоғары сенімге ие болып отыр. Ал әлеуметтік желілер жеделдік, қолжетімділік және форматтардың әртүрлілігі арқылы күнделікті тұтынуда өз позициясын нығайта түсуде.

Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі өңірлердегі қоғамдық-саяси жағдайды тыныш, тұрақты және қолайлы деп бағалаған (87,3%). 9,7%-і жағдайды шиеленіскен деп санаса, 1%-тен азы оны күрделі деп атаған.

Өңірлердегі экономикалық ахуал да негізінен оң бағаланған. Респонденттердің 75,4%-і өз өңірлеріндегі экономикалық жағдайды жақсы деп есептейді. 20,4% оны шиеленіскен деп бағаласа, 1,4% жағдайды күрделі деп сипаттаған, тағы 2,8% жауап беруге қиналған. Теріс бағалаулардың аз бөлігі азық-түлік бағасының өсуі мен инфляцияға қатысты алаңдаушылықпен байланысты, бұл қоғамдық көңіл-күйдің материалдық жағдайға сезімтал екенін көрсетеді.

Саяси партиялардың танымалдылығы бойынша Amanat партиясы көш бастап тұр – респонденттердің 62,4%-і бұл партияны танитынын айтқан. Одан кейін «Ақ жол» (29,7%) және «Ауыл» (29,3%) партиялары орналасқан. ҰКП-ның танылу деңгейі – 17%, Respublica партиясы – 15,1%, «Байтақ» – 11,7%, ЖСДП – 10,3%. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіштер партиялардың жүйелі жұмысына да, жекелеген кезеңдердегі белсенділігіне де байланысты болуы мүмкін.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив