Мобильді аударымдар: 2026 жылдан бастап бақылау талаптары күшейтіледі
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа өлшемшарты қолданысқа енгізілетінін хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді мобильді аударымдар тек олардың саны бойынша ғана емес, түскен қаражаттың жалпы сомасы арқылы да бағаланатын болады. Бұған дейін бақылау тетігі 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсу фактісімен шектелсе, енді оған қосымша қаржылық шек енгізіліп отыр.
Атап айтқанда, үш айдың ішінде жеке (бизнеске арналмаған) шотқа түскен қаражаттың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуы тиіс. Осы екі шарт қатар орындалған жағдайда ғана кәсіпкерлік қызмет белгілері туындайды.
Яғни, егер азаматтың жеке шотына:
-
3 ай қатарынан әр айда 100 түрлі адамнан аударым түссе және
-
сол кезеңдегі жалпы сома 12 ЕТЖ-дан асса,
мұндай операциялар кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылатын болады.
Мемлекеттік кірістер департаменті бұл өзгерістердің мақсаты – көлеңкелі кәсіпкерлікті азайту және адал салық төлеу қағидаттарын нығайту екенін атап өтеді. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыстық аударымдар мен туыстар арасындағы қаржылай көмектер бұл талаптарға ілікпейтінін ескертеді.