Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
512.81 604.19 6.57

Облыс әкімі Жаңа жыл қарсаңында арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталығына барды

Кеше, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталығын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Тәрбиеленушілер мен қызметкерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысы әуелі №4 арнайы мектеп-интернатына барды.  Нашар еститін балаларға арналған бұл мектеп-интернат 100 орынға шақталған. Бүгінде интернатта 80 оқушы білім алады, олардың 67-сі мүгедектігі бар балалар. 17 комплект сынып жұмыс істейді. 49 педагог қызмет етеді.  Соның ішінде 14 тәрбиелеуші ұстаз бар. Мұнда 65 орынды бейімделген жатын корпусы, 21 оқу кабинеті, 6 логопед кабинеті,қыздар мен ұлдарға арналған екі оқу шеберханасы, есту қабілетін жетілдіру кабинеті, бейімделген спорт залы, кітапхана, 90 орынды асхана, медициналық пункт бар. Әсіресе спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Мектептің түлегі Данияр Тайменов – қол күресінен сегіз дүркін әлем және жиырма дүркін Азия чемпионы.

Облыс әкімі арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында да болды. Аталған орталық – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайда жүрген балаларды тәрбиелеуге, олардың қауіпсіз дамуына жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік мекеме.

Орталықта 72 тәрбиеленуші бар. Балалар Семей қаласындағы №20, №27 және №35 орта мектептерде білім алады. Мұнда 75 орындық асхана, педагог-психолог кабинеттері, қыздарға арналған қол еңбегі кабинеті және ұлдарға арналған жеке шеберхана, «Интеллектум» танымдық дамыту кабинеті, бейнелеу өнері студиясы, әдіскер кабинеті, вокал кабинеті, логопед кабинеті, әр топқа арналған әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу бөлмелері, медициналық пункт, кітапхана, күрес залы, шағын тренажер залы, демалыс орны бар. Орталық қызметкерлері аймақ басшысына спорт залының қолайсыздығын айтып, көмек көрсетуді сұрады.

«Интернатты аралағанда спорт залдың өте тар екенін байқадым. Жобасын дайындап, ұсыныңыздар. Спорт залын салуға көмектесеміз», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы № 5 арнайы мектеп-интернатының жұмысымен де танысты. Бұл – есту қабілеті бұзылған, естімейтін және сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балаларды оқытуға және тәрбиелеуге арналған арнайы білім беру ұйымы. Қазіргі таңда білім ордасында 129 оқушы білім алады. Оның ішінде 43 бала мүгедектігі бар оқушылар қатарында.  Мұнда 21 оқу сыныбы жұмыс істейді.

Оқушылардың білім алуы мен тәрбиесіне 76 педагог жауапты. Арнайы педагогтар, дефектологтар, логопедтер және басқа да бейінді мамандар балалардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, түзету-дамыту бағдарламаларын жүзеге асырады. Мектеп-интернатта 27 оқу кабинеті, 11 жатын бөлме, спорт залы, кітапхана, 80 орындық акт залы, 110 орындық асхана, медициналық пункт қарастырылған.

Облыс әкімі әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерімен және тәрбиеленушілермен пікірлесіп, олардың өнерін тамашалап, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Өздеріңізбен Жаңа жыл қарсаңында қауышып, кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Мемлекетіміз балалардың жарқын болашағы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес сіздерге облыс тарапынан барлық жағдайды жасап, тиісті көмек көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Сіздер – Абай облысының ғана емес, еліміздің ертеңі, Қазақстанның болашағысыздар», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі мекемелердің қажеттіліктерін ескере отырып №4 арнайы мектеп-интернатына екі ноутбук, Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына өнеркәсіптік қамыр илеу құрылғысы, №5 арнайы мектеп-интернатына интерактивті тақтаны сыйға тартты. Сонымен қатар осы үш мекемеде тәрбиеленіп жатқан 274 балаға бірдей үлгідегі жаңа жылдық тәтті сыйлықтар үлестірілді. Осындай сыйлықтар облыстағы қалған 5 әлеуметтік мекемелерге де таратылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив