Абай өңіріндегі тірек мектептерге әдістемелік қолдау жүйелі түрде жалғасуда
Өңірдегі білім сапасын арттыру және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында биыл да педагогтар арасындағы тығыз әдістемелік байланыс орнату жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, 2022 жылдан бері Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білікті мамандары Абай өңірінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы оқу жылының басынан бастап «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында NIS командасы Жарма, Ақсуат, Көкпекті, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарындағы тірек мектептеріне арнайы іссапармен барып қайтты. Сапар барысында пән мұғалімдері әріптестеріне зертханалық құрал-жабдықтарды тиімді қолдануды, оны оқу үдерісіне кіріктірудің заманауи тәсілдерін көрсетті. Мұнымен қатар, ұстаздардың цифрлық сауаттылығы ерекше назарға алынды.
Биыл NIS Семейге бекітілген тірек мектептер саны тағы төрт білім ордасымен толықты. Солардың бірі – Жаңасемей ауданындағы А.Ибраев атындағы жалпы орта мектебі. Алғашқы сапар барысында зияткерлік мектептің педагогтары сабақтарға қатысып, мұғалімдердің жұмысын бақылап, кері байланыс берді. Бұл жұмыс олардың кәсіби қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Алдағы 3 жылда А.Ибраев атындағы мектеп ұстаздары кезең-кезеңімен Назарбаев Зияткерлік мектебінің қарқынды оқу бағдарламасын меңгеріп, ауыл балаларын озық бағдарламалар негізінде оқытпақ.
Алдағы уақытта Абай облысындағы тірек мектептердің мұғалімдері оқыту стратегиялары бойынша тренингтер, оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған шеберлік сабақтары ұйымдастырылатын болады. Жоспарланған жұмыстардың барлығы өңірдегі білім сапасын теңестіруге, елді мекендерде тұратын қаракөздердің білім деңгейін қалалық балалардың білімімен теңестіруге бағытталған.