Ізденістен – ілгерілеуге: Шәкәрім университетінің бетбұрысы
Шәкәрім университеті – бүгінде Абай облысының ғана емес, Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының біріне айналып отырған көпсалалы білім ордасы. Тоқсан жылдық тарихы бар университет соңғы жылдары дәстүрлі даму моделінен бас тартып, білім, ғылым және басқару жүйесінде түбегейлі трансформация жолына түсті. Халықаралық байланыстары нығайған, даму бағыты айқындалған бұл оқу орны заман талабына сай сапалы білім мен отандық ғылымды ілгерілетуді басты мақсат етіп отыр.
Осы бетбұрысты кезеңнің айқын көрінісі 24 желтоқсанда өткен Шәкәрім университеті Басқарма Төрағасы – ректоры Думан Орынбековтің 2025 жыл қорытындысы бойынша жария есебі болды. «The turning point – Бетбұрыс нүктесі» атауымен өткен бұл жиын университет тарихында ғана емес, еліміздің жоғары білім жүйесінде де тың форматымен ерекшеленді.
Есептік кездесу дәстүрлі салтанатты сәлемдесусіз, үзіліс пен тыныштықтан басталды. Бұл – бүгінгі форматтың мәнін айқындайтын символдық шешім еді. Ректор өз сөзінде есептің басты қағидатын нақтылап өтті: енді университет атынан бір ғана басшы емес, тұтас ұжым жауап береді. Ректор, проректор, оқытушы, зерттеуші, студент – әрқайсысы Шәкәрім университетінің трансформациясына тікелей жауапты.
Баяндаманың өзегі – мәдени трансформация. Университеттің өзгеруі ғимараттар мен аудиториялардан емес, адамдардан басталды. Ойлау жүйесі, шешім қабылдау мәдениеті, жауапкершілік философиясы жаңарды. Ашық сұрақ қою, тәуекелге бару және қабылданған шешім үшін жауап беру университеттің күнделікті басқару нормасына айналды. Осылайша Шәкәрім университеті сыни ойлау мен нақты нәтижеге бағытталған экожүйе ретінде қалыптасты.
2025 жылғы есеп те осы ұстанымға сай құрылды. Слайдтар мен жалаң статистикаға негізделген баяндама форматы толықтай өзгеріп, университеттің топ-менеджмент қатарындағы басшылары әр бағыт бойынша нақты нәтижелерін ортаға салды.
Ректор өз сөзінде 2024 жыл университет үшін тұрақтану кезеңі болғанын, ал 2025 жыл өсудің айқын кезеңіне айналғанын атап өтті. Жалпы кіріс 7,6 млрд теңгеден 8,5 млрд теңгеге дейін өсіп, ғылымға бөлінген қаржы 1,6 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге жетті. Ғылым кірісінің үлесі бір жыл ішінде 40%-ға артты – бұл жай сан емес, қаржыны тиімді басқарудың көрінісі.
Университет бюджетінің 60%-ы еңбекақыға бағытталып, адами капиталды дамытуға инвестиция салынды. Инфрақұрылымға бөлінген 21% қаржы ғылым мен білімнің материалдық базасын нығайтуға бағытталды.
Есепті кездесу барысында университет проректорлары оқу орнының ғылым, инновация және білім беру салаларындағы негізгі жетістіктерін баяндады.
Атап айтқанда, ғылыми зерттеулер нәтижесінде бірқатар жобалар интеллектуалдық меншік ретінде тіркеліп, университет ғылымының қолданбалы әлеуеті артқаны айтылды. Ғылыми инфрақұрылымды дамытуға шетелдік инвестициялар тартылып, халықаралық серіктестіктер аясында заманауи зертханалар жабдықталды. Қайта жанданған Агробиозертхана аграрлық ғылымның маңызды алаңына айналып, нақты зерттеулер жүргізілуде.
Сонымен қатар университетте ғылыми жобалар саны мен қаржыландыру көлемі өсіп, материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылғаны атап өтілді.
Білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні жүйелі енгізу нәтижесінде университет ұлттық деңгейдегі көшбасшылар қатарына көтеріліп, академиялық адалдықты нығайтуға бағытталған цифрлық шешімдер іске қосылды.
Жиын қорытындысы қоғаммен ашық «Сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Бұл – университеттің жаңа басқарушылық мәдениетін айқындаған қадам. Бұл – өткенді санамалау емес, болашақты қоғам алдында жауапкершілікпен қабылдау. Shakarim University интеллектуалды экономика кезеңіне нық қадам басып, өңірлік ғылым мен ұлттық білім жүйесінің жаңа моделін қалыптастыру жолында.
Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі






