Сенат Төрағасы: 2026 жылы Сенат Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға арналған жұмысты жалғастырады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның биылғы қорытынды отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген заңдар қаралды. Сондай-ақ жыл барысында атқарылған жұмыс қорытындыланды және сенаторлардың өңірлерге алдағы сапарларына қатысты міндеттер белгіленді.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Депутаттар бұл заңды қабылдау гляциология ғылымының одан әрі дамуына, сондай-ақ, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Заң медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты күш қолданудан қорғауды күшейтуге бағытталған. Енді медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне қатысты күш қолдану қатерін төндіргені үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары тарту қарастырылады. Сондай-ақ 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу түрінде жаза көзделеді. Ауырлататын мән-жайлар болған кезде 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сенаторлар Мемлекет басшысының Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын да қарап, мақұлдады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді үш жылдың ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде маңызды міндет жүктеді. Бүгін қаралған жаңа Цифрлық кодекс осы мақсатқа қол жеткізу үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Кодексте цифрлық орта объектілері мен субъектілері айқындалды. Сондай-ақ цифрлық мемлекеттік басқару, оның ішінде цифрлық үкіметтің құқықтық тетіктері белгіленді. Қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы, бұл кодексті қабылдау – уақыт талабына сай жаңа технологияларды барлық салада етене енгізуге жол ашатыны анық. Осылайша, жаңа нормалар мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға, қызметтердің сапасын арттыруға және экономикамызды жаңғыртуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды.
«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа Құрылыс кодексін қарадық. Кодексте құрылыс объектілерін жоспарлау және салу сапасын арттыруға бағытталған нормалар қамтылды. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік бақылауды күшейтетін тетіктер енгізілді. Бүгін қаралған тағы бір маңызды құжат – «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа редакциядағы заң. Бұл саладағы өзгерістер банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Талқылау нәтижесінде сенаторлар аталған заңдарды концептуалды түрде қолдап, оларға бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды. Нақты айтқанда, Құрылыс кодексі мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті болып табылатын, «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен оларға сараптама жүргізуді ұйымдастыруға арналған порталда құрылыс объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін ұйымдастыру жөніндегі нормамен толықтырылды. Сонымен бірге пайдаланушының міндетінен жеке тұрғын үй құрылысы аумағында әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыруды алып тастауды көздейтін өзгеріс енгізіледі.
Сенаторлардың банктер туралы заңға қатысты енгізген түзетулері базалық банктік лицензиясы бар банкті әмбебап банктік лицензиясы бар банкке көшіру (қайта ресімдеу) кезінде пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау жөніндегі талаптарды нақтылауға байланысты екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ заңды Қазақстан аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге арналған, орталық депозитарийдегі және (немесе) клирингтік ұйымдағы ақшаны және (немесе) бағалы қағаздарды қарыз алушыдан даусыз тәртіппен өндіріп алуды болдырмайтын нормамен толықтыру туралы ұсыныстар айтылды.
Осылайша, аталған заңдар сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтарылды.
Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев Палатаның биылғы жұмысын қорытындылап, Президент тапсырмасымен осы жылда қабылданған бірқатар маңызды заңға назар аударды. Сенаторлар жыл басынан бері елдің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған 102 заңды қарады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жыл басында жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Осылайша, фискалды және салық саясаты түбегейлі қайта қаралды. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастыратын жаңа Су кодексі қабылданды. Күнделікті өмірде белсенді қолданысқа еніп отырған жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін жасанды интеллект туралы жаңа заң мақұлданды. Еліміздің бас қаржы құжаты – үш жылға арналған республикалық бюджетті қабылдадық. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң да бекітілді. Алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар мақұлданды. Осы және басқа да заңдар ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Сенаттың тұрақты комитеттерінің заңнамалық жұмыс нәтижелеріне, парламенттік тыңдаулар, үкімет сағаттары, көшпелі отырыстар және өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін басқа да іс-шаралардың қорытындыларына тоқталды.
«Сенаттың тұрақты комитеттері заң шығару қызметімен қатар Палата жоспарына сәйкес 5 үкімет сағатын, 50-ден астам көшпелі отырыс, 100-ге жуық дөңгелек үстел мен кездесулер өткізді. Осы жұмыстың аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Бұдан басқа, әріптестеріміз 130-дан аса депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Палата қызметі аясында 140-қа жуық халықаралық іс-шара ұйымдастырылды. Биыл Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметі сапалық жаңа форматқа көшіп, алғаш рет кеңейтілген отырысы өткізілді. «Бір ел – бір мүдде» және «Өңір» депутаттық топтары, Сенаторлар кеңесі, «Ұлттық мүдде» диалог алаңы, «Талдау мектебі», Инклюзия жөніндегі кеңестер жалпы саны 16 отырыс ұйымдастырды. Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның нәтижелі үш отырысы өткенін де айта кеткен абзал», – деп, Мәулен Әшімбаев сенаторлар алдағы жылда да Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы белсенді жұмысты жалғастыра беретінін айтты.