В. Шегай мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шаралар туралы баяндады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА) құқықтарын қорғауға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар мен негізгі шаралар туралы айтып берді.
Виктория Шегай атап өткендей, МБА-ны әлеуметтік қорғау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саладағы жұмыс мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүргізілуде.
Қазақстанда 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылуда, ол мүгедектіктің дәстүрлі әлеуметтік және медициналық моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуді көздейді.
«Біздің міндетіміз – жай ғана қолдау емес, мүгедектігі бар адамдардың экономикалық дербестігі, қоғам өміріне толыққанды қатысуы және олардың сапалы әлеуметтік қызметтер алуы үшін жағдай жасау», – деп атап өтті вице-министр.
Тұжырымдама шеңберінде 13 бағыт бойынша 52 іс-шараны іске асыру көзделген, оның 21-і – 2025 жылы. Жұмысқа әлеуметтік қорғауға, жұмыспен қамтуға, білім беруге, денсаулық сақтауға, қолжетімді ортаға, мәдениетке, көлікке және қауіпсіздікке жауапты бейінді мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тартылған.
2025 жылы мүгедектіктің құқықтық моделі аясында бес заңнамалық актіге, оның ішінде Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізілді, сондай-ақ әлеуметтік қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбек саласы және медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелерін реттейтін 66 нормативтік құқықтық акт бекітілді. Сондай-ақ МБА-ның құқықтық қорғалуын арттыру және сайлау процесінде олардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жол карталары бекітілді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 750 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, бұл ел халқының 3,6%-ын құрайды. Олардың ішінде 630 мыңнан астамы – ересектер, 120 мыңға жуығы – мүгедектігі бар балалар. МБА ең көп үлесі Ұлытау, Қарағанды және Түркістан облыстарында тіркелген, бұл өңірлердің өнеркәсіптік ерекшелігіне және демографиялық ерекшеліктеріне байланысты.
Әлеуметтік қолдаудың негізгі шараларының бірі еңбек өтіліне қарамастан төленетін мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақылар болып қала береді. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 543,1 мың адам жәрдемақы алды, төлемдердің жалпы көлемі 467,2 млрд теңгені құрады. Жәрдемақының орташа мөлшері – 78 822 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылар мөлшері инфляцияның болжамды деңгейіне индекстелетін болады. Бұдан басқа, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдерді 47,7 млрд теңге сомасына 100,4 мың адам алды.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманы трансформациялауға ерекше назар аударылуда. Мүгедектікті белгілеудің сырттай проактивті форматы енгізілді, бұл ретте азаматқа тек медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті, бұл қағазбастылықты жоюға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай проактивті форматын енгізу қызметті азаматтар үшін барынша ыңғайлы және қолжетімді етеді», – деп баса айтты Виктория Шегай.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша сырттай форматта 99,6 мың өтінім қаралды, бұл мүгедектікті белгілеу бойынша барлық қызметтің 41,8%-ын құрайды. Жыл басынан бері МӘС тәуелсіз сарапшылары институты да енгізілді – тізілімге 72 маман енгізілді, олар 66,2 мың өтінімді қарады.
«Жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті оңайлатылған тәртіппен белгілеу жөніндегі пилоттық жобалар іске асырылуда, сондай-ақ электрондық кезек енгізілуде. Электрондық кезек бойынша пилот Ақмола облысында жүзеге асырылуда, онда қазірдің өзінде 211 азамат жаңа мүмкіндікті пайдаланды», – деп толықтырды вице-министр.
Оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету маңызды бағыт болып табылады. 2025 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 520 мыңнан астам іс-шара іске асырылды, бұл мұқтаж жандардың 86%-ын қамтуға мүмкіндік берді. МБА протездік-ортопедиялық құралдарды, кресло-арбаларды, тифло- және сурдоқұралдарды, ымдау тілі, жеке көмекші қызметтерін және санаторий-курорттық емдеуді алды.
Виктория Шегай еліміздің төрт өңірінде «Қазақстан Халқына» қорымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасын ерекше атап өтті. Жоба аясында 484 бала оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын алды. Іске асыру қорытындысы бойынша балалардың 73%-ында қозғалыс функцияларының жақсаруы байқалды, оның ішінде 21 бала өз бетінше жүре бастады. Пилот аясында оңалтудың цифрлық күнделігі және отбасыларды сүйемелдеуге арналған мобильді қосымша енгізілді.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары іске асырылуда. Ел экономикасында шамамен 113 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс орындарын квоталау, жұмыспен қамтуды субсидиялау, кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде 400 АЕК-ке дейін гранттар беру тетіктері жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 114 арнайы жұмыс орны құрылды.
«2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 582 ұйым лицензия алды, олардың қызметтерімен 94 мыңнан астам адам қамтылған. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшуде, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тану тетігі енгізілді», – деді вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің өңірлерінде заманауи 12 оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Әрбір орталық 150 орынға есептелген, бұл 1 850 төсек-орынмен қамтамасыз етуге және 1 440 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қолжетімді ортаны қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Интерактивті қолжетімділік картасында 43 мыңнан астам нысан тіркелген, олардың 59%-ы мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген.
Сөз соңында Виктория Шегай Министрлік МБА өмір сүру сапасын одан әрі арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын атап өтті.