Үкіметте 2026 жылғы ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің ұлттық командаларының 2026 жылғы ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды. Онда туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов және Қазақстандық мәнерлеп сырғанау одағының вице-президенті Мұракерім Бұрхан сөз сөйледі.
Премьер-министр Үкімет отырысында Олимпиада ойындары еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Еліміздің спортшылары әлемнің басты байрақты бәсекелеріне өздерінің және тәлімгерлерінің табанды еңбегі нәтижесін ғана емес, бүкіл ұлтымыздың абыройын қорғау үшін бақ сынайды.
«Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әркез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді. Сондықтан Қазақстанда спортты дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануы үшін тиісті жағдай жасалуда. 2023–2025 жылдары осы мақсаттарға бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елімізде қажетті базалық инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар салалық спорт федерациялары спорт түрлерін дамыту және спортшыларды жан-жақты даярлаудағы басты рөл атқаратыны атап өтілді. Солардың деңгейінде ұлттық командалар, жаттықтырушылар құрамы мен спорт резерві жасақталып, нақты спорт түрлерін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы айқындалады.
2024 жылы Канвон қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың табысты өнер көрсетуін спорт резервін дайындаудың маңызды нәтижесі ретінде атауға болды.
«Бұл жетістікті алда Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында одан әрі нығайтып, еселей түсу қажет. Жалпы спортшыларымыздың ішкі тәртібі, табанды, алғыр және нағыз командалық рухы оларды жеңіс жолына жетелейді деп сенеміз. Жаһандық додада әділ сайыс, мықты ерік-жігер және үздік нәтиже тілейміз! Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин өзінің қайсар рухымен спортшыларымыздың жігерін жанып, жеңіске ынталандырады. Еліміз сіздерді мақтан тұтады әрі зор сенім артады», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Премьер-министр байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет.
Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берді.
Туризм және спорт министрлігі Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін.
«Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты көмек көрсету тапсырылды.
Бюджет қаражатын тиімді пайдалануға баса мән беру қажет.
«Келешегі бар спортшыларға көрсетілетін қолдау шаралары нақты әрі ашық болуы тиіс. Бұған министрліктердің, федерациялар мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшылары тікелей жауапты болады. Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамытуға бюджеттен тыс қаражат тартуға күш салу керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Туризм және спорт министрлігі Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық команданың қысқы Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын күшейтсін.
«Паралимпиада спортшыларының ірі халықаралық жарыстарға қатысуы – өршіл рух пен төзімділікті тәрбиелеу және инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау тұрғысынан маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге тиісті ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарындағы жарыстарының телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етсін.
Ойындардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген жетістіктердің әділ бағасын бере отырып, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Сонымен бірге олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту туралы нақты ұсыныстар әзірлеу керек.
Жалпы бақылау және үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.