Семейде жастарға арналған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Семей қаласында жастарды және қоғам үшін маңызды салаларда еңбек етіп жүрген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Абай жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.
Бағдарлама аясында қала жастарына алғашқы және қайталама нарықтан тұрғын үйді тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Атап айтқанда, тұрғын үй несиесі жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен, 10 пайыз бастапқы жарнамен және 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға беріледі.
Бағдарламаға 18 бен 35 жас аралығындағы Семей қаласының тұрғындары қатыса алады. Қатысушылар санатына мыналар кіреді:
-
жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар;
-
бұқаралық ақпарат құралдарының штаттық журналистері;
-
мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарда қызмет ететін мәдениет және спорт саласының мамандары;
-
мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау қызметкерлері;
-
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім жастар.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы тиіс. Сонымен қатар, Семей қаласында тұрақты тіркеуде болуы қажет. Жұмыс істейтін азаматтар үшін кемінде 1 жылдық ресми еңбек өтілі талап етіледі (тұрғын үй кезегінде тұрғандардан басқа).
Өтінімдер 2026 жылғы 5–12 қаңтар аралығында, жұмыс күндері сағат 09:00–13:00 аралығында қабылданады.
Құжаттар Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы қабылданады. Мекенжайы: Абай көшесі, 97, 2-қабат, 211-кабинет.
Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес тексеру жүргізіліп, нәтижесі бойынша қатысушыларға хабарланады.
«Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы — туған қалада еңбек етіп жүрген жастар үшін баспанаға қол жеткізудің нақты әрі қолжетімді мүмкіндігі.