Облыс әкімі әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдармен кездесті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жерлестеріміз, әдебиеттанушы, абайтанушы ғалым Серікқазы Қорабай және тарихшы, энциклопедист Серікбек Арғынғазинмен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің тарихы мен мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына қатысты мәселелер талқыланды. Тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдар Абайдың 180 жылдығы жоғары деңгейде, мазмұнды шаралармен, елге пайдалы істермен аталып өткенін жеткізіп, Абай облысынан шыққан тұлғалар есімдерін ұлықтауға, мәдени мұраларды, тарихи жәдігерлерді жаңғыртуға байланысты ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аймақ басшысы кездесуде өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы айтты. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өткен Абайдың 180 жылдығы аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының, яғни 19 автордың 25 кітабы (барлығы 12 500 дана) жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынып, жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.