Аудан әкімі көше тазалығын сынға алды
3 маусым күні аудандық Оқушылар шығармашылық сарайының мәжіліс залында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтіп жатқан аудандық сенбіліктердің барысы туралы жиын өтті.
Жиынды аудан әкімі Әділет Нұрсағатұлы өткізіп, оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудан әкімдігі аппаратының басшысы, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, білім беру мекемелері мен түрлі ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиналыс барысында бір жарым ай бойы ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктердің нәтижелері баяндалып, тазалық талаптарына сай келмейтін көшелерге жауапты мекемелер мен ұжымдарға қатаң сын айтылды. Қазіргі таңда аудан көшелерінің тазалығы облыс деңгейінде тұрақты бақылауда екені атап өтілді.
Аудан әкімі Әділет Нұрсағатұлы тазалық шараларының ең алдымен осы өңір тұрғындары үшін қажет екенін ерекше атап өтті.
– Акцияны жариялаған Мемлекет басшысы да, тазалық жұмыстарының орындалуын қадағалап отырған облыс әкімі де біздің ауылдарымызға күн сайын келіп тұрмайды. Тазалық ең алдымен осы жерде тұратын халыққа және олардың балаларына керек. Лас көшеде өскен бала ертең де тазалыққа мән бермейді. Сондықтан балаларымызды қазірден бастап таза ортада өмір сүруге үйретуіміз қажет, – деді аудан басшысы.
Облыс әкімі Берік Уәлидің «Таза Қазақстан» акциясы аясында аулалар мен көшелерде жаппай сенбіліктер өткізіп, қысқа мерзімде тазалық орнату жөніндегі үндеуінен кейін ауданымызда бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылғаны айтылды. Алайда ұжымдық еңбекпен жасалған тазалықты сақтау үшін де тұрақты жауапкершілік қажет екені ескертілді.
Өкінішке қарай, аудан орталығында да, ауылдық елді мекендерде де ауласы мен көшесін таза ұстамайтын тұрғындар әлі де кездеседі. Сонымен қатар жылдар бойы жиналған қоқыс пен күл үйінділерін шығармай отырған жағдайлар бар.
Осыған байланысты қолданыстағы заңнама аясында тазалық талаптарын сақтамаған тұрғындарға әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салу жұмыстары жолға қойылған. Сенбіліктер басталғалы бері аудандық полиция қызметкерлері тазалық талаптарын бұзған 170 отбасына ескерту протоколын толтырып, 4 тұрғынға әкімшілік айыппұл салған.