Облыс әкімі Семейдегі нефрологиялық орталыққа барды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы «BB Nura» нефрологиялық орталығына барып, медициналық мекеменің қызметімен танысты.
Аталған орталық облыс тұрғындарына нефрологиялық көмектің толық циклін көрсетеді. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 24 төсектік стационар, 40 орындық амбулаториялық диализ бөлімі, сондай-ақ, ересектер мен балаларға арналған консультациялық-диагностикалық қызметтер қарастырылған. Орталық созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан пациенттерге тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында кешенді медициналық көмек көрсетеді.
Қарағайлы ықшам ауданында орналасқан нысан жеке инвестордың қаражатына салынып, былтыр қазан айында жұмысын бастады. Мұнда құйылған инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Нефрологиялық орталықта 40 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Орталықтың Аягөз және Үржар аудандарында бөлімшелері жұмыс істейді. Жақын арада Бородулиха ауданында тағы бір филиалы ашылмақ.
Аймақ басшысы орталықты аралап, дәрігерлермен пікірлесті. Жаңадан салынған медициналық мекеменің өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Облыста денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат есебінен Семей қаласында 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме құрылысы аяқталды. Үржар ауданында тері коронарлық араласу орталығына қосымша ғимарат және Аягөз ауданында магнитті-резонанстық томографқа арналған ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Былтыр ана мен бала денсаулығын қолдау мақсатында «Салауатты ана» пансионаты ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семейде 300 орындық облыстық көпсалалы клиникалық аурухана салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.










