Қонаев қаласында Алматы облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері талқыланды
Қонаев қаласында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Алматы облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды.
Жиынға әлеуметтік салаға жауапты министрліктердің өкілдері, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау, туризм мен спорт, жоғары білім, ғылым саласы бойынша өзекті мәселелер талқыланып, алдағы дамудың ортақ басымдықтары айқындалды.
Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Медициналық қызметтердің сапасы, басқарушылық бақылау және алдын алу жұмыстарының жағдайы сөз болды. Жедел шешімді қажет ететін мәселенің нақты мысалы ретінде кей медициналық нысандарда диагностикалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі көтерілді. Бұл жағдай пациенттерді бағыттауды қиындатып, адамдарға қосымша салмақ түсіріп отыр.
«Негізгі міндет – өңірлік деңгейде медициналық қызметтердің сапасын қатаң әрі тұрақты түрде бақылауда ұстау. Жүйе азаматтардың көмекті кедергісіз, белгіленген стандарттарға сай алуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар салауатты өмір салты, вакцинация және МӘМС жүйесі мәселелері бойынша халықпен жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті вице-премьер.
Білім беру саласын талқылау барысында әлеуметтік саланың тұрақтылығы, ең алдымен, бастауыш мектептердегі білім сапасына тікелей байланысты екені айтылды. Оқу сапасы, кадрмен қамту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне басшылық тарапынан бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өңірде үш ауысымды оқытуды қысқарту және жаңа мектептер салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аида Балаева жаңа нысандар құрылысымен қатар, бастауыш сыныптарда қалыптасатын базалық білім сапасының аса маңызды екенін атап өттіі.
Сонымен қатар еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мәселелер қаралды. Салалық министрліктің баяндамасында әлеуметтік көмекті біріздендіру, цифрлық құралдарды енгізу және деректер базасына негізделген шешімдерге көшу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар еңбек нарығының нақты көрінісін айқындау үшін жұмыс берушілерге сауалнама жүргізуге баса назар аударылуда. Осы деректер негізінде өңір экономикасының қажеттіліктеріне сай колледждер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын жаңарту көзделген.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі атаулы әлеуметтік көмек пен кадр даярлау жүйесін жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
«Әлеуметтік қолдау нақты әрі мақсатты болуы керек. Ол үшін бізге еңбек нарығы мен әр сала бойынша сенімді деректер қажет. Сол деректерге сүйене отырып, кадр даярлау жүйесін, колледждер мен жоғары оқу орындарының бағыттарын экономиканың нақты сұранысына сай бейімдей аламыз»,— деді Аида Балаева.
Жоғары білім саласында кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандарды практикалық бағытта даярлау мен білім беру бағдарламаларын өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға басымдық берілуге тиіс.
Сондай-ақ туризмді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Жақын арада өңірде туристік маусымға дайындық бойынша тексеру жүргізу қажет екені айтылды. Бұл ретте инфрақұрылым, өрт қауіпсіздігі, тамақтану орындарының жұмысы және навигация мәселелеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар туристік имидж қалыптастыру мен қонақ күту қызметтерін белсенді дамытудың маңызы сөз болды. Туризм және мәдениет басқармалары біртұтас жоспар аясында жұмыс істеуге тиіс екені айтылды.
Жиынды қорытындылай келе, Аида Балаева қысқа мерзім ішінде бірқатар нақты тапсырмалар берді: денсаулық сақтау саласында қызмет сапасы мен қолжетімділігін бақылауды күшейту және әлеуметтік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету; білім беру және жоғары білім саласында кадр даярлауды өңір қажеттіліктерімен байланыстыру, студенттердің өндірістік тәжірибесін және қолданбалы жобаларды күшейту; туризм саласында маусымға дайындықты тексеріп, өңірді дамыту жұмыстарын жандандыру, мәдениет саласында оқиғалық туризмге және кітапхана қорларын жаңартуға басымдық бере отырып даму жоспарын әзірлеу; креативті индустрия бойынша өңірлік хабтардың жұмысын үйлестіруді күшейтіп, этнография бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.