Қазақстанда 27 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымның 27 307 нысаны толықтай бейімделді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Аманат» партиясының Жол картасында 2023–2027 жылдар аралығында Қолжетімділіктің интерактивті картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Жыл сайын нысандардың 20%-ы бейімделіп отырады. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы нысандардың 20%-ы, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100% бейімделуі тиіс.
2025 жылдың соңына дейін ел бойынша 25 740 нысанды бейімдеу жоспарланған, алайда өңірлер жоспарды артығымен орындап, 27 307 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жалпы санының 64%-ын құрайды.
Аталған 27 307 нысанның ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау нысандары – 4 479;
- білім беру нысандары – 9 008;
- мәдениет нысандары – 2 146;
- сауда және қызмет көрсету нысандары – 5 213;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 3 994;
- өзге де нысандар – 2 467.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, өңірлер бойынша бейімделген нысандар саны:
- Астана қаласы – 809 нысан;
- Алматы қаласы – 5 546 нысан;
- Шымкент қаласы – 1 401 нысан;
- Абай облысы – 869 нысан;
- Ақмола облысы – 1 262 нысан;
- Ақтөбе облысы – 896 нысан;
- Алматы облысы – 1 047 нысан;
- Атырау облысы – 1 440 нысан;
- Шығыс Қазақстан облысы – 1 212 нысан;
- Жамбыл облысы – 1 078 нысан;
- Жетісу облысы – 950 нысан;
- Батыс Қазақстан облысы – 1 358 нысан;
- Қарағанды облысы – 1 283 нысан;
- Қостанай облысы – 1 367 нысан;
- Қызылорда облысы – 1 567 нысан;
- Маңғыстау облысы – 588 нысан;
- Павлодар облысы – 1 163 нысан;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 1 051 нысан;
- Түркістан облысы – 2 285 нысан;
- Ұлытау облысы – 135 нысан.
«Жыл сайын кедергісіз орта кеңейіп келеді, бұл біздің өмір сүру жағдайымызға тікелей әсер етеді. Әсіресе, қоғамның көзқарасының өзгеруі бізді қуантады: кәсіпкерлер мен нысан иелері инклюзияның шынайы маңызын түсіне бастады. Қолжетімді орта – бұл, ең алдымен, біздің дербестігіміз. Бұрын көптеген орындар біз үшін физикалық тұрғыда қолжетімсіз болса, бүгінде бұл кедергілер жойылып жатыр. Тек пандустар орнатумен ғана шектелмей, ғимарат ішіндегі кешенді жайлылыққа да көңіл бөлінуі – біз үшін өте маңызды. Мемлекет пен бизнестің осындай жұмысы бізге барлығымен тең дәрежеде еркін қозғалып, еңбек етіп, демалуға мүмкіндік береді», – деді бірінші топтағы мүгедектігі бар Дастан Раушанбеков.
Сонымен қатар, 2025 жылы мемлекеттік бақылау аясында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаменттері мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және өзге де салалардағы 1 176 әлеуметтік инфрақұрылым нысанына тексеру жүргізді.
Олардың ішінде: профилактикалық бақылау аясында – 322; жоспардан тыс – 476; прокуратура органдарының талаптары бойынша – 369.
Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 597 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 96 млн теңгеден асатын 414 әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кету қажет, профилактикалық бақылау барысында нысан иелеріне бұзушылықтар алғаш рет анықталған жағдайда, оларды жою туралы әкімшілік жауапкершілікке тартусыз тек нұсқама ғана беріледі. Белгіленген мерзімде нұсқама орындалмаған жағдайда, айыппұл салынады.