Көкпекті ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды
2025 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Көкпекті аудандық аумақтық инспекциясында (бұдан әрі – Инспекция) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға Көкпекті ауданы прокуратурасының прокуроры Абдреймов Ерасыл Әлиасқарұлы арнайы қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Инспекция мамандары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, қызметтік міндеттерді орындау барысында туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жолдарын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мәдениетін арттыру болды.
Дөңгелек үстел барысында аудан прокуратурасының өкілі сыбайлас жемқорлықтың жалпы ұғымына, оның түрлеріне, құқықтық салдарына және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, ветеринариялық бақылау саласында жиі кездесетін тәуекелді жағдайларға назар аударып, қызмет барысында заңдылықты қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Инспекция қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі толық жауаптар беріліп, практикалық мысалдар арқылы түсіндірме жасалды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар мен жауапкершілік мәселелерін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстел қорытындысында Инспекция басшысы Ержан Әділханұлы Сарсенбаев сөз сөйлеп, мекемеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен ашықтығы – қоғам сенімінің негізі екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары өкілдерімен осындай форматтағы кездесулердің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Инспекция басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мұндай түсіндіру және ақпараттық кездесулерді жыл сайын әр тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіп тұруды ұсынды. Бұл бастама дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру жөнінде ортақ пікір қалыптасты.
Аталған дөңгелек үстел отырысы мемлекеттік қызметте заңдылықты сақтау, адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі ретінде жоғары деңгейде өтті.