Көкпекті ауданында ұстаздармен діни сауаттылық және зайырлы құндылықтар мәселесі талқыланды
Көкпекті ауданының дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы Тассай ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің ұстаздарымен арнайы кездесу өткізді. Аталған іс-шара қоғамда діни тұрақтылықты сақтау, білім беру саласы қызметкерлерінің діни мәселелерге қатысты сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары, діни экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алу тетіктері, сондай-ақ қоғамда діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы жан-жақты талқыланды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайту және жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, ұстаздардың білім беру үдерісінде толеранттылықты, өзара сыйластық пен келісімді қалыптастырудағы рөлі атап өтілді. Жиын барысында педагогтер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тәжірибелік кеңестер ұсынылды.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – ұстаздар қауымына дін саласындағы өзекті ақпаратты жеткізу, жас ұрпақтың санасында зайырлы құндылықтарды, діни төзімділік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал ету. Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.