15 қараша күні Көкпекті ауылында ауданның барлық ауылдық округтерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру және тұрғындарды қолдау мақсатында өткізілді.
Жәрмеңке сөрелерінде тұрғындарға ең қажетті өнімдер ұсынылды: 300 кг сиыр еті, 100 кг қой еті, жаңа балық, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, сондай-ақ жергілікті көкөністер – сәбіз, қырыққабат, қызылша және басқа да ауыл шаруашылық өнімдері орналастырылды. Барлық өнімдер қолжетімді бағамен сатылды.
Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға сапалы және арзан өнім алуға мүмкіндік береді, ал ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізіп, өз еңбектерінің жемісін табысқа айналдырады. Сонымен қатар, жәрмеңке ауылдық өндірісті қолдауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және тұрғындар мен ауыл шаруашылық өндірушілер арасындағы өзара тиімді байланыс орнатуға септігін тигізеді.