Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Кәсіпкер-меценат Талғат Сақан: Көкпектіде жалғасқан жақсылық

13-07-2025, 15:48 018.kz

Той – тек көңіл көтеру шарасы емес. Той – рух көтеру, бірлікті нығайту, елдік сананы жаңғырту құралы. Кешегі Таскескендегі «Ауыл – ел бесігі», «Жайнай бер, Таскескен!» деген ұранмен өткен дүбірлі той тек біздің ауылдың қуанышы ғана емес еді. Бұл – тұтас ауыл өмірінің жаңғыруы, ұлттың түпкі тамырына қайта оралуы болатын. Сол сәтте басымыз бірікті, рухымыз көтерілді, сеніміміз нығайды.

Бұл қуаныш жалғыз ауылда тоқтап қалмады. Ол шабыт болды, шақыруға айналды, эстафетаға ұласты. Қазақтың қанына сіңген «Мен де елге қызмет етсем екен» деген ниет қайта оянды. Бүгінде сол игілікті бастаманы көршілес Көкпекті ауданы жалғастырып, ұлы дүбірдің жалауын көтеріп отыр. Бұл сәт – «Жақсылық жалғасса, елдің де, ердің де бағасы артады» деген сөздің айқын дәлелі.

Қазір мен Көкпектінің төріндемін. Мұнда тойға қатысып қана отырған жоқпын, жүрегіммен қуанып отырмын. Басқа өңірде той өтіп жатыр деп сырттан бақылап тұруға болмайды. Кәсіпкер ретінде елдің қуанысына ортақтасу – азаматтық парызым. Сол себепті Сақан әулеті атынан Қанат бауырым Көкпектіде екі көшеге асфальт төсеп, біз де өз үлесімізді қостық. Бұл тек көшеге емес, көңілге төселген жол.

Тойдың тағы бір ерекше сәті – әке-шешемнің халық алдында алғысқа бөленуі болды. Жиналған жұрт әкем мен анама шапан жауып, құрмет көрсетті. Мұнда бір нәрсені нақты айта аламын: Көкпектіде болып жатқан бұл той – Таскескеннің жалғасы. Таскескен – бастама болды, Көкпекті – жауап болды. Екі аудан – екі түрлі мекен, бірақ мүдде – ортақ. Сол мүдде – ел болашағы.

Осының артында үлкен ой, ортақ ниет жатыр. Ол – Берік Уәлиұлы жүргізіп отырған Абай облысының жаңа саясаты. Осы саясат әкім мен халық арасын жақындатып, кәсіпкерлер мен қоғам арасындағы алтын көпірге айналды. Мұндай жүйе біз секілді кәсіпкерлерге шабыт береді. Жұмысымыз еленіп, ниетіміз бағаланып жатса, әрі қарай одан да ауқымды істерге құлшынамыз.

Бір ауданның қуанышы екінші ауданның үмітіне айналса, бір тойдың шуы тұтас облыстың болашағын тербесе, бұл тек мереке емес, ұлттық серпіліс. Осы бағыттың жалғасатынына сенемін. Біз дайынбыз, жігеріміз – елмен бірге.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив