Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Jibek Joly радиосының «WAKE UP» таңғы шоуына сұхбат беріп, ұлттық құрылтайдың болашақ реформаларға қалай әсер ететіні жөнінде пікір білдірді.
Мәжіліс депутаты Президенттің саяси реформаларына тоқталды.
– 2019 жылдың наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгенде, егер Қазақстанда саяси реформалар жүргізілмесе, халықтың әлеуметтік сұранысын қамтамасыз ету мүмкін болмайтынын мәлімдеген еді. Бұл — Президент Тоқаевтың ең алғашқы әрі маңызды мәлімдемелерінің бірі. Осыдан кейін Қазақстанда саяси реформалардың жүйелі бағдарламасы қалыптасты деп айтуға болады. Саяси реформалар 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Ал Ұлттық құрылтай – еліміздегі билік пен халықтың, мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара байланысты нығайтатын тиімді алаң және өзара қарым-қатынастың оңтайлы формасы, – деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық құрылтайға Қазақстанның барлық өңірінен өкілдер, түрлі әлеуметтік топ мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдері қатысады. Ең маңыздысы, Құрылтай барысында айтылған әрбір пікір назардан тыс қалмайды. Барлық ұсыныс жан-жақты сарапталып, соның негізінде нақты шешім қабылданады.
– Биылғы Құрылтайда Президент баяндамасының мазмұны мен қамтыған тақырыптары өте ауқымды, ұлттық сипатқа ие болды. Ұлттық құрылтайдың өзі – халықпен тікелей диалог алаңы. Сондықтан Президенттің халыққа Жолдауы ресми форматта өтетін болса, Ұлттық құрылтайда халқымыздың рухани болашағы, ұлттық болмысымыз туралы деген мәселелер кеңінен қозғалады, – деді Е. Саиров.
Сонымен бірге, депутат құрылтай өтетін өңірлердің географиясы үнемі өзгеріп отыратынын атап өтті. Бұған дейін Құрылтай өткен Ұлытау, Түркістан, Атырау және Қызылорда аймақтарының таңдалуы тегін емес.
– Қызылорданың қазақ халқы үшін тарихи әрі рухани маңызы ерекше. Ең алдымен, Қызылорда – бір кездері Қазақстанның астанасы болған қала. Бұл оның ел тарихындағы орнын айқындайтын маңызды дерек. Сонымен қатар Сыр өңірі халқымыздың рухани әлеміне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан аймақ. Мұнда жыраулық дәстүр ерекше дамыған, Шыңғыс жырау сияқты тұлғалар осы өңірден шыққан. Бұл Қызылорданың мәдени-рухани әлеуетін көрсететін маңызды факторлар, – деді депутат.
Спикердің айтуынша, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуы, ең алдымен, Жалпыұлттық жоспарды әзірлеу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл жоспарға құрылтай барысында көтерілген барлық негізгі мәселе енгізіледі.
– Жалпыұлттық жоспар аясында мемлекет деңгейінде қандай шешімдер қабылдануы керек, қандай заңдар мен тұжырымдамалар әзірленуі қажет екені, сондай-ақ өңірлерде қандай нақты басқарушылық шешімдер жүзеге асырылуы тиіс екені айқындалады. Бұл жоспар қабылданып қана қоймай, оның орындалуы мемлекет пен қоғам тарапынан тұрақты бақылауда болады. Мәселен, екі жыл бұрын депутаттар шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң қабылдау бастамасын көтерді. Оны Президент қолдады. Қазіргі таңда бұл заң депутаттық бастама ретінде Мәжілісте талқыланып жатыр, ал келесі кезеңде Үкімет қарауына ұсынылады. Бұл заң шамамен 3,5 миллион азаматтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей ықпал етеді, – деді Е. Саиров.