Президент айқындап берген негізгі қағидаттар бойынша жүйелі жұмыстар жалғасады
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмаларын орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы еліміздің өмірінде ерекше орын алған Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясын қорытындылап, мемлекет пен халқымыздың болашағын айқындайтын зор міндеттер жүктеді. Мининстр алдымен, бұл мән-маңызы жағынан жаңа Атазаң қабылдаумен бірдей конституциялық өзгерістердің аясында ғана емес, жалпы Тәуелсіздік тұғырын одан әрі нығайтуды көздейтін тарихи белес екенін айтты. Үлкен идеологиялық мақсаттар мен игі істер – мемлекеттің адами әлеуеті мен халықтың күнделікті жағдайының тұрақтылығын талап етеді. Міне, осы орайда ел Президенті Үкіметтің әлеуметтік саясатын ерекше атап, бұл саладағы бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді атап өтті.
Бұл ретте, ең алдымен Президент айқындап берген негізгі қағидаттар – «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеуге қатысты жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді», — деді Аида Балаева.
Тағы бір маңызды мәселе – тарихи-мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО деңгейінде насихаттау. Президент бұған дейінгі Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. ЮНЕСКО қағидаларына сай 2026-2027 жылдары номинациялық құжаттама жасалып, одан кейінгі жылдары нақты шешім қабылданады.
«Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды. Мемлекет басшысы «Ұлттық цифрлық мұра» жобасын жүзеге асыру бастамасын жандандыруды тапсырды. Осыған байланысты аталған жоба Қазақстанның тарихи, мәдени және ғылыми мұрасын сақтау, жүйелеу және таныстыруға арналған бірыңғай ұлттық цифрлық платформа құру ретінде қарастырылып отыр. Жобаны жүзеге асыру барысы ерекше бақылауда болады. Екіншіден, Мемлекет басшысы білім және денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесін қайта қарауды тапсырып, саладағы негізгі мәселелер мен олқылықтарды атап өтті. Осыған байланысты нақты жұмыстар қолға алынды.
Бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және бюджеттеу жүйесімен синхрондауды көздейтін жаңа тетік енгізілді. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылды. Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.
Білім саласына жекеменшік инвестицияны тарту үшін мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталады. Осы шаралармен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізетін болады. Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Президент тапсырмасына сай халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйене отырып, медициналық көмекті жоспарлауға көшеді. Қаржыландыру көлемі ең тиімді мемлекеттік және сенімді жеке емханаларға бағытталады. Қосарланған төлем мен жалған есепті болдырмау үшін бірыңғай цифрлық бақылау енгізілмек. Қосарланған төлемдер салыстырылып, барлық қаржыландыру көздерінің мәліметтері біріктіріледі. Пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге сапаны бақылау күшейіп, лицензиялау талаптары қатаңдайды. Аталған шаралар қаржыландыру жүйесін әділ, ашық және тиімді етуге, сондай-ақ халықтың денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы ашық әрі нәтижеге бағдарланған жүйе қалыптасады.
«Жалпы біз денсаулық сақтау және білім беру саласында көрсетілетін қызметтердің сапасына қатаң бақылау орнатуға тиіспіз. Өйткені халықтың өмір сүру сапасы аталған мәселелерге тікелей байланысты. Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңнамаға тиісті өзгерістер әзірледі. Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылады.Оны тиімді жүзеге асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, қажет болса жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр», — деді Аида Балаева.
Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу және кейбір тауарларды жарнамалауға тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндіктері заңнамалық тұрғыдан қарастырылады.
Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай алаңында айқындап берген міндеттер Үкімет жұмысының барлық бағыттарын жүйелі жаңғыртуды талап етеді. Бұл тапсырмалар қоғамның рухани негізін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға және мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақты дамуына бағытталған.