Taldau Mektebi: стратегиялық жоспарлау, аналитика және басқару шешімдерінің коммуникациясы талқыланды
Талдау мектебінің V легі аясындағы оқу жалғасып жатыр. Бағдарламаның екінші аптасында қатысушылар стратегиялық жоспарлау мәселелеріне, басқару шешімдерінің аналитикалық және коммуникациялық әдістеріне назар аударды. Күн тәртібінде деректерді және сараптамалық қорытындыларды тиімді басқару шешімдеріне айналдырудың практикалық аспектілеріне мән берілді.
Бүгін алғашқы дәрісті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев оқыды. Ол стратегиялық жоспарлау мен реформаларға арналған тақырыптық блокты аша отырып, аналитиканың ұзақ мерзімді даму мен басқарушылық тұрақтылықтағы рөліне назар аударды. Спикер қазіргі жағдайда аналитикалық жұмыс мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналғанын да атап өтті.
«Бүгінде терең және сапалы аналитикасыз стратегиялық жоспарлау жүргізу мүмкін емес. Деректер, болжау және жүйелі талдау ағымдағы сын-қатерлерге төтеп беріп қана қоймайды. Олар дамудың ұзақ мерзімді траекторияларын құруға, тәуекелдерді бағалауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Әсет Ерғалиев.
Сонымен қатар талдаудың тәжірибелік тетіктерін талқылау барысында әлеуметтік-экономикалық процестер мен мемлекеттік саясатты бағалау жүйесіндегі ресми статистиканың рөліне баса мән берілді. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев деректердің сапасы мен оларды түсіндіру тәсілдері қабылданатын шешімдерге деген сенімге тікелей әсер ететінін айтты.
Сондай-ақ оқыту бағдарламасы аясында аналитикалық материалдардың жария коммуникация мәселелерін талқылау мәселесіне де көңіл бөлінді. TEDxAstana конференциясының кураторы, PR және GR бойынша сарапшы Әлия Сандыбай шамадан тыс ақпараттық жүктеме жағдайында талдаушылардың күрделі тұжырымдарды түсінікті және сенімді түрде жеткізу қабілеті ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда аналитика кез-келген қоғамдық контент сияқты өзіне назар аудару үшін бәсеке түседі. Тіпті, ең дәл деректер мен тексерілген тұжырымдардың өзі түсінікті құрылымға түспесе және аудиторияның көңілінен шықпаса, әсер бермейді. Аналитиктің міндеті – фактілерді ұсыну ғана емес, шешім қабылдау кезінде түсінетін, есте сақтайтын және қолдана алатын мән қалыптастыру», – деді ол.
Бұдан басқа, бағдарламаның екінші күнінде МГИМО-ның стратегиялық даму жөніндегі проректоры Артем Мальгин сөз сөйлеп, басқарушы кадрларды даярлауда аналитикалық және стратегиялық ойлаудың рөліне тоқталды. Сондай-ақ экономист, CEO DESHT Қуаныш Жайықов мемлекеттегі институционалдық даму және экономикалық өсуді талдау тақырыбында дәріс оқыды.
Тыңдаушылардың практикалық дағдыларын одан әрі жетілдіру мақсатымен Талдау мектебінде бірқатар тренингтер өтті. Eurasian Center For People Management ұйымының бас директоры Леся Каратаева аналитикалық ойлау архитектурасына арналған практикум өткізсе, Center For Strategic Initiatives ұйымының визуал коммуникациялар жөніндегі директоры Қайрат Ахмурзин аналитикалық деректерді визуализациялау және нейродизайн қағидаттары туралы айтып берді.
Талдау мектебі алдағы апталарда да деректермен, стратегиямен және коммуникациямен жоғары деңгейде жұмыс істей алатын кәсіби мамандар қауымдастығын қалыптастыруды жалғастырып, мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына мазмұнды үлес қоса береді.