Cемей-24°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
503.35 590.63 6.62

Еңбек министрлігінде әлеуметтік саладағы бақылау, МӘСҚ жұмысы және жасанды интеллектіні енгізу қорытындыланды

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның (МӘСҚ) 2025 жылғы қызмет қорытындылары, сондай-ақ Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Бақылау-қадағалау қызметінің нәтижелері туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб баяндады. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 751,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейінің өсуіне және медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда.

«Біз цифрлық деректерге негізделген, азаматтарға бағдарланған МӘС-тің жаңа моделіне көшу үстіндеміз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша куәландырулардың 42,5%-ы қашықтан, проактивті форматта жүргізілді, бұл қағазбастылықты жоюға мүмкіндік берді. Объективтілікті күшейту үшін тәуелсіз сарапшылар институты іске қосылды – тізілімге 72 бейінді маман енгізілді. Сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында дәрігерлік-консультациялық комиссияларды орталықтандыру пилоттық режимде жүзеге асырылып, МӘС-ке негізсіз жолдамалар саны 2,3 есеге азайды», – деп хабарлады Илья Скуб.

Комитет басшысы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілгенін де атап өтті. Қазіргі таңда 593 ұйым лицензия алды, оның ішінде 438-і – мемлекеттік, 155-і – жекеменшік, олар 95 мыңнан астам адамды қызметпен қамтып отыр.

Есепті кезеңде әлеуметтік қорғау туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында шамамен 5 мың құқықбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 96,6 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жалған еңбек өтілі схемаларын анықтауға ерекше көңіл бөлінуде.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның қызметі туралы басқарма төрағасы Алмас Құрманов баяндады. Ол қабылданған кешенді шаралардың арқасында Қордың қаржылық тұрақтылығы қалпына келтірілгенін атап өтті.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік аударымдар көлемі төлемдер көлемінен асып түсті, алдыңғы кезеңде қалыптасқан кассалық алшақтық жойылды. Инвестициялық басқару аясында Ұлттық банктің шоттарына 96,9 млрд теңге бағытталды, бұл жүйенің ұзақ мерзімді теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әлеуметтік алаяқтықтың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: 30 қылмыстық іс қозғалып, негізсіз төлемдердің алдын алу шаралары жасалды», – деді Алмас Құрманов.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе цифрлық технологияларды енгізуге арналды. Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры Махмұд Көпбаев 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.

«2025 жылы біз Министрліктің бірыңғай цифрлық платформасын және әкімнің цифрлық жұмыс орнын енгіздік. Ағымдағы жылы жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуге басымдық беріледі. Құжаттарды тану үшін компьютерлік көру технологияларын пайдалана отырып, зейнетақы тағайындау мен қандас мәртебесін беру қызметтерін қоса алғанда, кемінде төрт мемлекеттік қызметке ЖИ енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталында ым-ишара тілін үйренуге және бейнелерді тануға көмектесетін мүгедектігі бар адамдарға арналған ЖИ-агентті іске қосу бойынша дайындық үстіндеміз», – деп баяндады Махмұд Көпбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша Асқарбек Ертаев құрылымдық бөлімшелердің басшыларына әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру және цифрлық жобаларды уақтылы іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив