Cемей-18°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
502.27 597.15 6.57

Халықаралық онлайн-платформаларда Қазақстанға туристік турлардың үш есе өскені байқалады

Кеше, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар туристік бағыт ретінде елдің тартымдылығын арттыра отырып, халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Бұл туралы Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді.

Басқарма төрағасының баяндауынша Kazakh Tourism жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстары жүргізілуде, оның негізгі бағыттарының қатарында – халықаралық медиа-жобалар бар. Маңызды жобалардың бірі – қазақстандық және қытайлық бірлескен музыкалық тревел-шоу «Voice Beyond Horizon». Бұл жобаға Қазақстанның халық әртісі, туристік амбассадор Димаш Құдайберген бастамашылық етті. Жоба Kazakh Tourism үйлестіруімен, мемлекеттік органдар мен өңірлердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Түсірілімдер өткен жылдың қыркүйек айында Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында өтті. Жобаның премьерасы биылғы жылдың ақпан айына жоспарланған, оны қытай телеарнасының млрд-таған көрермені тамашалай алады. 

«Сонымен қатар Қазақстан туралы халықаралық тревел-жобалар Euronews Travel, Amazon Prime Video, Бірінші арна және Францияның M6 телеарнасында көрсетіліп, негізгі мақсаты нарықтарды қамтуға мүмкіндік берді. Тағы бір маңызды бағыт – цифрлық жарнама. Kazakh Tourism әлуметтік желілермен және онлайн платформалармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Барлығына белгілі Наурыз онлайн-фестивалі жыл сайын жоғары қызығушылық тудырып келеді. Өткен жылы екі аптаның ішінде TikTok пайдаланушылары 25 мыңнан астам бейнеролик жариялады. Сонымен бірге Қазақстанның Қытайдың әлеуметтік желілеріндегі – Weibo, WeChat, Rednote платформаларындағы және әлемдік жетекші цифрлық алаңдардағы қатысуы тұрақты түрде дамып келеді. Айта кету керек, слайдта көрсетілген барлық жобалар мемлекеттік бюджеттен қаражат алмай, серіктестік мен демеушілердің қолдау есебімен жүзеге асырылуда. Халықаралық ілгерілету аясында өткен жылы еліміз 14 халықаралық туристік көрмеде таныстырылды. Оның үшеуіне Kazakh Tourism қатысса, ал қалғандарына Алматы және Астана қалалары, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Ақмола облыстары қатысты. Барлық өңірлер Kazakh Tourism-мен тығыз әріптестікте жұмыс істеді. Осы жылы 12 халықаралық туристік көрмеге қатысу жоспарланып отыр», — деді «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.  

Бұдан бөлек, Алматы қаласы Азия мен Таяу Шығыстағы мақсатты қалаларда, соның ішінде Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапурда 10 роуд-шоу өткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар шетелдік туристік сала мамандарын қабылдау жұмысы жүргізілуде. Өткен жылы 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 ақпараттықтур ұйымдастырылды. Нәтижесінде жалпы қамтуы шамамен 32 млн қаралымды құрайтын 88 жарияланым жарық көрді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі Қазақстанның халықаралық деңгейде тұрақты мойындалуынан көрініс табуда. Еліміз үнемі жетекші әлемдік медиа мен туристік платформалардың рейтингтері мен ұсынымдарына еніп келеді. Соның айқын дәлелі – Bloomberg нұсқасы бойынша Алматының 2026 жылға арналған саяхат бағыттарының тізіміне енуі. Жалпы, Орталық Азия мен Ұлы Жібек жолы тұрақты туристік тренд ретінде қалыптасты. The Telegraph басылымы өңірімізді биылғы ТОП-20 туристік бағыттың қатарына енгізсе, Vogue журналы Қазақстанды 2025 жылғы ТОП-14 бағыттың бірі ретінде атады. Негізгі нарықтарда қызығушылықтың тұрақты өсімі байқалуда. Қазақстан Lonely Planet Best in Travel рейтингіне енді. Қытайда Tongcheng туристік платформасы елімізді болашағы зор бағыттардың қатарына қосты. Үндістанда India Today және Economic Times басылымдары Қазақстанды атап өтті. Араб елдері нарығында Құрбан айт кезеңінде Қазақстанға сапарларға қызығушылық 195 %-ға артты. Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар халықаралық деңгейде жоғары баға алып, елімізге туристік бағыт ретіндегі сенімді арттыруда.

Осының аясында туристік өнімдердің географиясы мен түрлері айтарлықтай кеңейді. Бүгінде ТМД, Еуропа және Азияның 18 ірі онлайн-платформасында Қазақстан бойынша 1100-ден астам тур ұсынылуда. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе өсім. Биыл өңірлерге басымдық бере отырып, турлар санын одан ары арттыру міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын өтетін іс-шаралардың бірыңғай оқиғалар күнтізбесі қалыптастырылды. Күнтізбені әзірлеу барысында негізгі талаптар ескерілді: іс-шараларды негізінен бюджеттен тыс қаражат есебінен өткізу, оларды жыл бойына тең бөлу, жүйелі жарнамалау және ел ішінде де, шетелде де кең ақпараттық сүйемелдеу.

«Контент сапасын қамтамасыз ету үшін іріктеу жүйесі енгізілді. Өңірлерден түскен 154 өтінімнің ішінен барлық аймақтарды қамтитын 55 негізгі іс-шара таңдап алынды. Іріктеу кезінде ұйымдастыру деңгейі, бірегейлігі, туристік әлеуеті, тұраққтылығы мен қамту ауқымы ескерілді. Күнтізбеге мәдени, этномәдени, спорттық, экологиялық және гастрономиялық бағыттағы іс-шаралар енгізілген. Олар жыл бойы туристік белсенділікті теңгерімді қамтамасыз ету үшін айлар бойынша бөлінді – ай сайын 2-ден 7-ге дейін іс-шара өткізу жоспарланған. Биыл әлемдік жұлдыздардың қатысуымен бірқатар ірі концерттік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Алғашқы концертке Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және басқа да әртістер қатысады, ол мамыр айына белгіленген», — деді «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

Жалпы жыл соңына дейін кемінде 5 ірі концерттік шара өтеді деп күтілуде. Kazakh Tourism фестивальдік туризм бағытына белсенді түрде қатысуда. Арнайы штаб құрылып, ол бұл іс-шараларды туристік пакет ретінде ілгерілетумен айналысады. Сонымен қатар көршілес елдердің медиасеріктестерімен және туроператорларымен бірлесіп, Қазақстанға турист тарту жұмысы жүргізілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив