Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
503.17 600.89 6.63

Мәжілісте етті мал шаруашылығын қолдау шаралары талқыланды

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің жетекшісі Серік Егізбаевтың төрағалығымен етті мал шаруашылығын қолдау, мал басын көбейту және ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Отырысты жүргізген Серік Егізбаев кейінгі жылдары етті мал шаруашылығы саласында орын алған маңызды жайттарға тоқталды.

– Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттарының бірі саналатын етті мал шаруашылығы соңғы жылдары саланың тұрақтылығы мен өсім қарқынына тежеу болатын бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділік деңгейінің жеткіліксіздігі,  сондай-ақ фермерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігінің шектеулілігі сынды мәселелер бар, – деді Серік Егізбаев.

Комитет төрағасы атап өткендей, мал өнімінің төмендігі, асылдандыру жұмыстарының жеткіліксіздігі, өндірістің жемшөп базасы мен жайылым инфрақұрылымына тәуелділігі, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етудің жай-күйі негізгі түйіткілдер қатарында қалып отыр. Серік Егізбаев ветеринариялық жағдайға ерекше назар аудару қажеттігін, себебі бұл өндірістің тұрақтылығы мен саланың экспорттық мүмкіндіктеріне тікелей әсер ететінін де айтып өтті.

Отырыс барысында Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, оны қаржыландырудың пәрменді тетіктерін іске қосу тапсырылғаны сөз болды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп, комитеттің талқылауына ұсынды.

Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин осы Кешенді жоспардың басты бағыттары және мал шаруашылығының қазіргі ахуалы туралы баяндама жасады.

– Бүгінде еліміздегі ірі қара мал саны 2,4 пайызға, ұсақ мал саны 1,6 пайызға артты. Сүт өндірісі шамамен 3,8 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсті. Ал ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, былтырғымен салыстырғандда 2,6 пайызға артты. Көрсеткіштер өсімінің мардымсыз болуы заманауи технологияларды енгізу және мал шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсарту қажет екенін айқын көрсетіп отыр. Өндіріс көлемін ұлғайту ісі ерекше назарды талап етеді,– деді вице-министр.

Сондай-ақ отырыста «Қазақстанның мал өсірушілер одағы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Даурен Салықов, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін, «ULYTAU MEAT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Нұрсұлтан Жарылғапов сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігі, ветеринариялық қауіпсіздік, экспорттық саясат, ғылыми қолдау және мал шаруашылығын кадрлық қамтамасыз ету секілді саладағы жиі ұшырасатын мәселелерге тоқталды.

Депутаттар мемлекеттік қолдау шараларын іс жүзінде жүзеге асыруға қатысты бірқатар өзекті сұрақтарды ортаға салды. Атап айтқанда, мал басының көбеюіне кедергі келтіріп отырған факторлар мен оларды еңсеру жолдары, жайылымдар туралы заңнаманың орындалуы, сондай-ақ бақылау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері қозғалды. Депутаттар Мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы аясында қаржыландыру мерзіміне де тоқталды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер комитеті түскен ұсыныстар мен сараптамалық пікірлерді жинақтап, Үкіметке тиісті ұсынымдар жолдайтын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив