Қазақстан мен АҚШ ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2026 жылғы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин мен Америка Құрама Штаттары Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі (NNSA DOE) өкілдерінің кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, жоғары байытылған уранды пайдалануды барынша азайту, зерттеу реакторларын конверсиялау және ядролық материалдармен қауіпсіз жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Республикасы ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін дәйекті түрде ұстанады және жаһандық ядролық қауіпсіздік режимін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан ядролық тәуекелдерді азайту және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастықтың сенімді әрі жауапты серіктесі ретінде танылды.
Ынтымақтастық шеңберінде бұған дейін зерттеу реакторларын төмен байытылған уран отынына көшіру бойынша бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. 2016 жылы «Ядролық физика институты» РМК базасындағы ВВР-К зерттеу реакторын (Алматы қ.) конверсиялау жұмыстары аяқталды, ал 2023 жылы «Ұлттық ядролық орталық» РМК базасындағы ИВГ зерттеу реакторы (Курчатов қ.) төмен байытылған уран отынына көшірілді.
Келіссөздер барысында ИГР зерттеу реакторын төмен байытылған уран отынына көшіру бойынша алдағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қол жеткізілген ғылыми-техникалық ілгерілеу, сондай-ақ Қазақстанда төмен байытылған уран отынының тәжірибелік үлгілерін әзірлеуге арналған меншікті технологиялық базаның дамуы атап өтілді.
Тараптар сарапшылық диалогты жалғастыруға, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және ұлттық әрі халықаралық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ ядролық материалдармен жұмыс істеуге байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендерін растады.