Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
501.02 597.27 6.59

Айнагүл Нұртазина: Конституциялық реформа – қоғам сұранысынан туған қажетті қадам

Бүгін, 09:45 018.kz

Облыстық әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі Айнагүл Нұртазина Қазақстанда белсенді талқыланып жатқан конституциялық реформаға қатысты өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер елдегі басты қоғамдық-саяси оқиғалардың біріне айналуы мүмкін. Қоғамда бұл реформаларға деген сұраныс бұрыннан қалыптасқан және олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылуда. Кейбір азаматтар Конституцияға не себепті қайта өзгерістер енгізілуі тиіс деген сауал қоятынын атап өткен Айнагүл Нұртазина, бұл сұрақтардың орынды екенін, алайда өмірдің өзі жаңартуды талап етіп отырғанын жеткізді.

Комиссия мүшесінің пікірінше, азаматтарды күнделікті алаңдататын көптеген мәселелер – отбасылық қатынастар, сот тәжірибесі, діни сала, білім беру жүйесі және басқа да қоғамдық өмірдің маңызды бағыттары – өз шешімін тауып, ең жоғары заңнамалық деңгейде бекітілуі тиіс. Сонымен қатар, негізгі тұжырымдары 30 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған Конституция қазіргі заман талаптарына сай өзектендіруді қажет етеді.

Айнагүл Нұртазина бүгінгі таңда Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасын әзірлегенін атап өтті. Жобаның преамбуласында Қазақстан Республикасының зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде айқындалған. Егемендік пен Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және республикалық басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі.

Сондай-ақ, биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі оның иесі Қазақстан халқы екені нақты көрсетіледі. Отбасы мен балаларды қорғау нормалары күшейтіліп, ер мен әйел арасындағы некенің еріктілік қағидаты заңнамалық тұрғыда нақтыланады.

Елдің саяси құрылымындағы басты өзгерістерге тоқталған Айнагүл Нұртазина жаңа Конституция жобасында Вице-Президент лауазымын енгізу, екі палаталы Парламенттің бір палаталы Құрылтайға айналуы, сондай-ақ тұрақты негізде жұмыс істейтін Халық Кеңесін құру көзделгенін айтты. Бұл кеңестің құрамына елдің барлық өңірлері мен этностарының өкілдері – депутаттар, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және өзге де азаматтар енетін болады.

Оның пікірінше, аталған өзгерістер заң жобаларын әзірлеу мен қабылдау үдерісін едәуір жеделдетіп, заң шығару бастамаларының кең ауқымда ұсынылуына мүмкіндік береді.

Айнагүл Нұртазина жаңа Конституция жобасы алдағы уақытта барлық деңгейде кеңінен талқыланатынын және оның қабылдануы тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Бұл қадам реформаның ашықтығы мен халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ететін маңызды тетік болмақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив