Ашық есік күні – ата-аналар сенімін нығайтқан маңызды шара
Абай гарнизонына қарасты 28738 әскери бөлімінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Аталған шараға еліміздің әр өңірінен келген мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары қатысып, балаларының әскери өмірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында ата-аналарға әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігі жан-жақты таныстырылды. Бөлімнің әскери қызметшілері сарбаздардың жатын орындарын, асхананы, медициналық пунктті және киім-кешекпен қамтамасыз етілу тәртібін көрсетіп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы толық мәлімет берді.
Сонымен қатар ата-аналар өз балаларымен жүздесіп, олардың жағдайын көзбен көріп, көңілдеріне түйген сауалдарын бөлім командирлеріне қоюға мүмкіндік алды. Командирлер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға нақты әрі ашық жауап беріліп, әскери қызметтің қауіпсіздігі мен тәртібі туралы түсіндірілді.
Шара соңында ата-аналар көрсетілген жағдайларға оң бағасын беріп, балаларының сенімді қолда екенін атап өтті. Олар осындай ашық әрі мазмұнды кездесуді ұйымдастырғаны үшін бөлім басшылығына алғыстарын білдірді. Ашық есік күні ата-аналар мен әскери бөлім арасындағы сенімді нығайтып, сарбаздардың әскери борышын абыроймен атқаруына оң әсерін тигізді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




