Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
501.02 597.27 6.59

Абай облысы мәслихатында жаңа конституция жобасы талқыланды

Бүгін, 12:17 018.kz

Абай облысы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Шалқар Байбеков облыстық мәслихат депутаттары, аудан және қала мәслихаттарының төрағаларымен кездесу өткізді.

Кездесу Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформа аясында ұйымдастырылып, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен негізгі бағыттарын талқылауға арналды.

Шалқар Байбеков Конституциялық комиссияның жұмысы барысында қолданыстағы Конституцияның елеулі бөлігі қайта қаралғанын, соның нәтижесінде Ата Заңның жаңа редакциясын әзірлеу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Жаңа жоба ашық форматта дайындалып, азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен екі мыңнан астам ұсыныс негізінде қалыптастырылған.

Оның айтуынша, құжат құқықтық нормалармен қатар, құндылықтық тұрғыдан да жаңартылған. Адам құқықтарының басымдығы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері кеңейтіледі. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі өкілеттіктер мен жауапкершілік нақты айқындалады.

Кездесу барысында депутаттар да өз пікірлерін білдірді. Облыстық мәслихат депутаты Съезбек Ахметовтің пікірінше, реформаның ашық талқылануы – халық үнінің естілуіне мүмкіндік береді: «Елімізде ауқымды реформа басталды. Бүгін Конституциялық комиссияның мүшесі, Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков депутаттарды жинап, кездесу өткізді. Ол Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістер туралы жан-жақты баяндады. Бұл үдеріс алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Себебі жаңа Конституция жобасы кеңінен талқылауға шығарылып, халықтың пікірін ескеруге бағытталған. Әзірге бұл — алғашқы жоба, түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан бұл өзгерістер еліміздің болашағын, халықтың мұқтажын ескеретін, демократиялық бағыттағы жаңғыруға жол ашады деп сенемін».

Жарма ауданы мәслихатының төрағасы Мейрхан Оспанбаев ұсынылып отырған өзгерістер уақыт талабына сай екенін атап өтіп, депутаттардың ұсыныстары комиссия деңгейінде ескерілетініне сенім білдірді.  «Шалқар Байбековтің төрағалығымен өткен жиында Конституцияның алғашқы жобасы таныстырылды. Бұл – уақыт талабына сай, қоғам дамуына сәйкес жасалып отырған маңызды қадам. Қазіргі таңда бұл мәселе ел көлемінде қызу талқыланып жатыр. Халық болып, бір кісідей бақылап отырмыз. Парламенттік жүйеге де жаңа өзгерістер енгізілуде. Бүгін өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айттық, олардың ескерілетініне сенімдіміз. Комиссия мүшелеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін».

Ал Бесқарағай ауданы мәслихатының төрағасы Мейрамгуль Абылгазинова реформалар ғылым, білім, мәдениет және өзге де маңызды салаларды қамтып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған: «Бүгін облыстық мәслихатта Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістер талқыланды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттары өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Алғашқы редакцияның өңірлерге жолдануы – қоғаммен ашық диалогтың нақты көрінісі. Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбековтің Конституциялық комиссия құрамына енуі – үлкен сенім әрі жауапкершілік. Сондықтан бүгін айтылған барлық пікір мен ұсыныстар орталық деңгейде естіледі деп ойлаймыз. Бұл – бір күндік талқылау емес. Конституцияның шамамен 84 пайызына өзгеріс енгізіліп отыр, яғни қоғам өмірінің барлық маңызды саласы қамтылған. Осы өзгерістер Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған оң жаңғыру болады деп сенеміз».

Жиын қорытындысында Конституциялық реформаны іске асыруда өкілді органдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жүргізуінің маңыздылығы атап өтіліп, бұл бағыттағы талқылауларды өңірлік деңгейде жалғастыру ұсынылды.

Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив