Алматыда «Абай» операсының жаңартылған нұсқасының премьерасы өтті
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Абай» операсының жаңартылған нұсқасының премьерасы өтті. Сексен жылдан астам уақыт бойы бұл шығарма ұлттық опера өнерінің жауһары әрі театрдың айрықша бет-бейнесі болып келеді.
Спектакльде көркемдік және музыкалық шешімдер жаңартылып, классикалық түпнұсқасының мазмұны сақталған. «Абай» операсы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, әрі дәстүр мен заманауи ойды тоғыстырған.
Жаңа қойылым Абайдың ішкі жан дүниесін, оның адамгершілік таңдауы мен өз дәуірмен рухани қайшылығын тереңірек ашуға бағытталды.
Қойылымның сценографиясы мен визуалдық шешімдерінде айтарлықтай өзгерістер жасалған. Қойылым суретшісі Есенгелді Тұяқов сахналық кеңістікті даланың жинақталған бейнесі ретінде қалыптастырды. Рауан Қайруллаева жасаған сахналық образдар тарихи формалар мен ұлттық нақыштарға негізделіп, заманауи көркемдік тұрғыда қайта пайымдалды.
Операның музыкалық партитурасы өзгермеген. Қойылымның бас дирижері Нұржан Байбосыновтың басқаруымен оркестр, хор және солистер партитураның ауқымын айшықтап, тұтас әрі үйлесімді музыка ұсынады. Қойылым режиссері Фархат Молдағали жаңа нұсқада ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы айрықша көтерілгенін атап өтті.
«Абай» – ұлттық композиторлар жазған алғашқы қазақ операсы әрі ұлттық өнер тарихында барлық заңдылықтарға сай дүниеге келген тұңғыш шығарма. Операда кәсіби опера өнерінің бай формалары – ариялар, речитативтер, ансамбльдер кеңінен қолданылған. Абай әндерімен қатар халық әндері, күйлері және музыкалық материалдың айтарлықтай бөлігі Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидиге тиесілі. Либреттоның негізіне Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы алынды, оның жекелеген эпизодтары автор тарапынан либреттоға енгізілді.