Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
501.02 597.27 6.59

Қазақстанда әскери оқу орындарына қабылдау eGov арқылы онлайн форматқа ауыстырылды

Бүгін, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарына құжаттар тапсырудың цифрлық механизмін енгізді. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау туралы өтініштер eGov.kz порталында онлайн режимде қабылданады.

Құжат тапсыруға 18-24 жас аралығындағы ер азаматтар қатыса алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 10 маусымға дейін жалғасады.

Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» , бөлімдеріне кіру қажет. Содан кейін «Әскери оқу орындарына қабылдау өтініштерін беру» қызметін таңдап, электрондық форманы толтыру керек. Үміткер негізгі мәліметтерді көрсетіп, оқу орнын таңдап, жеке деректерді өңдеуге келісім береді және өтінішті қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы растайды.

Өтініш беруші туралы ақпарат автоматты түрде тексеріледі. Жүйе психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінен, сондай-ақ соттылығы мен мүгедектік мәртебесі туралы деректерді сұрайды. Жеке куәліктер, білім туралы мәліметтер және ҰБТ нәтижелері мемлекеттік ақпараттық жүйелерден үміткердің қатысуынсыз алынады.

Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызмет алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Қабылданған жағдайда өкілетті тұлғаның цифрлық қолымен расталған электрондық құжат беріледі; бас тарту жағдайында негізделген хабарлама жіберіледі.

Құжаттарды онлайн тапсырудың жаңа форматы қабылдау процесін қолжетімді әрі ашық етеді. Әскери оқу орындарында білім беру бакалавриат бағдарламалары бойынша тегін жүзеге асырылады және жұмысқа орналастыру кепілдігі қарастырылған. Оқу аяқталғаннан кейін институт түлектеріне «лейтенант», ал колледж түлектеріне «сержант» әскери атағы беріледі.

Бұрын құжаттар жергілікті әскери басқару органдары арқылы рәсімделіп, медициналық комиссиядан өтіп, ведомстволарға жеке баруды талап ететін. Қазіргі таңда негізгі рәсімдер автоматтандырылған.

ҚР Қорғаныс министрлігінің білім беру жүйесінде офицерлерді даярлайтын Құрлық әскерлерінің әскери институты (Алматы), Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты (Ақтөбе), Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (Алматы) секілді үш жоғары оқу орны, сондай-ақ сержанттар құрамын даярлайтын бес әскери колледж бар.

Оқу орындары мен мамандықтар туралы толық ақпаратты келесі сілтеме арқылы алуға болады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/activities/136?lang=ru 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив