Taldau Mektebi: Мемлекеттік басқаруда Smart governance, когнитивтік капитал және цифрлық шешімдер тәжірибелері қарастырылды
Бүгін Талдау мектебінің V легіндегі оқу жалғасты. Бағдарламаның үшінші аптасы аясында қатысушылар Smart governance қағидаттарын іске асырудың практикалық аспектілеріне, мемлекеттік басқару тиімділігін бағалауға, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдауда деректердің, мінез-құлық факторларының және цифрлық шешімдердің рөліне назар аударды.
Алғашқы лектор ретінде ADL Disputes серіктесі әрі негізін қалаушылардың бірі, Harvard Alumni Kazakhstan мүшесі Мұхит Елеуов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасын когнитивтік капитал мәселелеріне және басқарушылық шешімдердің сапасына арнап, аналитика мен мемлекеттік саясаттағы адами фактордың маңызын атап өтті.
«Когнитивтік капитал – бұл абстрактілі ұғым емес, ол ойлау дағдыларының, шешім қабылдау қабілетінің және белгісіздік жағдайында жұмыс істей алу мүмкіндігінің жиынтығы. Осы қасиеттерді дамытпайынша, ең озық аналитикалық құралдардың өзі мемлекеттік басқару жүйесінде күтілетін нәтижені бермейді», - деді Мұхит Елеуов.
Сонымен қатар, халықаралық блок аясында қатысушыларға мемлекеттік басқаруды бағалаудың жаһандық тәжірибелері таныстырылды. Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша басқару практикасының жетекшісі Адриан Фоззард, Дүниежүзілік банк маманы Саламат Құсайынова және Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумардың бірлескен дәрісі барысында PEFA жаһандық есебі әдіснамасының мысалында мемлекеттік институттардың тиімділігін бағалау тәсілдері қарастырылды.
«Тиімді мемлекеттік басқару ашық әрі салыстырмалы аналитикалық құралдарсыз мүмкін емес. PEFA әдіснамасы бюджеттік үдерістерді жүйелі түрде бағалауға, институционалдық шектеулерді анықтауға және дәйекті әрі негізделген реформалар үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Адриан Фоззард.
Күннің екінші жартысында тыңдаушылардың назары цифрлық трансформация және экономиканың әртүрлі салаларында жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне аударылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова өз сөзінде елдің логистикалық және транзиттік әлеуетін ашудағы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллекттің рөліне тоқталды.
«Жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші фактор қашықтық емес, үдерістердің болжамдылығы, жылдамдығы және цифрлық байланыстылығы болып отыр. Деректерді, аналитиканы және жасанды интеллектті пайдалану Қазақстанға транзиттік аумақ рөлінен еуразиялық ағындардың цифрлық операторы рөліне көшуге мүмкіндік береді», – деді Әсел Жанасова.
Бағдарламаның қорытынды блогы Ұлттық талдау орталығының Орталық Азия бойынша Мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Жаненованың дәрісімен аяқталды. Дәріс мемлекеттік басқару жүйесінде мінез-құлық тәсілдерін практикалық қолдануға және неғұрлым нысаналы әрі тиімді саясаттарды әзірлеуге арналды.
Талдау мектебі мемлекеттік басқару сапасын арттыру және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін заманауи аналитикалық құралдарды, халықаралық тәжірибелер мен цифрлық шешімдерді қолдана алатын кәсіби қауымдастықты қалыптастыруды жалғастыруда.