Конституциялық реформа билік жүйесіндегі теңгерімді күшейтеді – Перуашев
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер теңгерімі туралы пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында былтыр қазан айында құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының арнайы отырысында жан-жақты талқыланған.
Оның сөзінше, Президент Республикадағы ең жоғары лауазымды тұлға ретінде биліктің барлық тармағы – заң шығарушы (Құрылтай), атқарушы (Үкімет) және сот билігінің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Ол әзірленген Ата заң жобасы биліктің бір тармағын екіншісінен жоғары қоюды көздемейтінін атап өтті. Жаңа Конституцияда өкілеттіктер неғұрлым тең әрі үйлесімді түрде бөлінген жүйе қалыптастырылады.
Сондай-ақ, ол ұсынылған шешімдер Президенттің өкілеттігін кеңейтпейтініне тоқталды. Керісінше, қазіргі заман талаптары мен еліміздің ұлттық мүдделерін ілгерілету қажеттілігін ескере отырып, бұрын болған құқықтық олқылықтарды толтырады.
Азат Перуашевтің пікірінше, Парламентке бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру өкілеттігінің берілуі, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерінің күшеюі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында өкілеттіктер теңгерімінің нығайғанын айқын көрсетеді.
Осыған байланысты депутат «Ақ жол» партиясының аталған конституциялық реформаны тиісті және өзге де заңдар арқылы жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.