Cемей-17°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
503.44 593.35 6.55

Мәжіліс төрағасы Ресей Парламенті Федерация Кеңесі төрағасының орынбасарын қабылдады

Кеше, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, «Единая Россия» партиясы Бас кеңесінің хатшысы Владимир Якушевті қабылдады.

Кездесуде Ерлан Қошанов қазақ және орыс халықтарын ежелден берік достық пен тату көрші ретіндегі байланыс біріктіретінін, екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастар осыған негізделгенін атап өтті.

– Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында шешілмеген мәселе жоқ. Сенімді саяси диалог жолға қойылған. Екі ел басшыларының үлкен еңбегінің арқасында екіжақты қарым-қатынас жаңа сапалық даму деңгейіне көтерілді. Президенттердің әрбір кездесуі маңызды мағынаға және терең мазмұнға ие, – деп атап өтті Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары барысында Жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылғанын еске салды. Бұл көптеген салада сындарлы әріптестікті кеңейтуге тың қарқын берді. Өз кезегінде екі ел депутаттары Президенттер айқындаған қазіргі жұмыс қарқынын қолдап, қол жеткізілген уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етіп келеді.

Ерлан Қошанов мәртебелі меймандарды Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол қазіргі уақытта қоғамда ашық талқыланып жатқан конституциялық реформаға, бір палаталы жүйеге көшуге, Халық кеңесін құруға және вице-президент институтын енгізу жоспарларына ерекше тоқталды.

Кездесуде партияаралық өзара іс-әрекетке де айрықша назар аударылды. Владимир Якушев «AMANAT» партиясы мен «Единая Россия» партиясы арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың, әсіресе әйелдер мен жастар бағытындағы байланыстардың болашағы зор екенін атап өтті. Ал Ерлан Қошанов Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» және «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары туралы айтып берді. Мәжіліс төрағасы партиялар арасындағы ынтымақтастық жайлы ұсынысқа қолдау білдіріп, партиялық дипломатия халықаралық қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі екеніне мән берді.

Тараптар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ Парламентаралық одақ сынды іргелі ұйымдар аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайту жоспарларын, достық топтары бағыты бойынша парламенттердің бірлескен жұмысы және заң шығару саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив