Сенатта креативті индустрияларды қолдау туралы заң қаралды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.
Құжат мәдениет саласын жаңғыртуға және креативті индустрияларды экономиканың дербес әрі маңызды бар секторы ретінде институционалдық тұрғыдан қалыптастыруға, осы салада шығармашылық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауға бағытталған.
Заңмен ұғымдық аппарат кеңейтіліп, креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі енгізіледі, уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері нақтыланады, сондай-ақ креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтары мен жеке инвестицияларды тарту тетіктері бекітіледі. Бұдан бөлек, құжатта кинопрокат саласындағы рәсімдер нақтыланып, жастарды креативті қызметке тарту шаралары көзделеді және мемлекеттік мәдени ұйымдардың мүлкін пайдалануын реттеу кеңейтіледі.
Сенаторлардың айтуынша, заңды қабылдау мәдениет саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, креативті индустриялардың бірыңғай мемлекеттік саясат аясында дамуын қамтамасыз етуге және ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға әрі ілгерілетуге ықпал етеді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Комитет мүшелері заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.