Сенаторлар ауылдық аумақтарды жедел цифрландыру жобасының іске асырылу барысын қарады
Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жедел цифрландыру жобасы» қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы Заңын іске асыру мәселелеріне арналған отырысы өтті.
Отырыс барысында уәкілетті мемлекеттік органның Заңды іске асырудың ағымдағы жай-күйі, қол жеткізілген алдын ала нәтижелер, сондай-ақ жобаны жүзеге асыру процесінде туындап отырған негізгі міндеттер мен проблемалық мәселелер туралы ақпараты тыңдалды. Жобаның қалалық және ауылдық аумақтар арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға және өңірлерде орнықты телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
«Аталған Заңның қабылдануы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі – қалалық және ауылдық аумақтар арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқарту жолындағы маңызды әрі уақтылы қадам болды. Осыған байланысты ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету ерекше маңызға ие, өйткені бұл орнықты цифрлық инфрақұрылымды қалыптастырудың және цифрландыру міндеттерін практикалық тұрғыда іске асырудың негізгі шарты болып табылады», – деп атап өтті Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев.
Талқылау барысында депутаттар қаржы қаражатын игеру, жобаның аумақтық қамтылуы, іске асырудың жарияланған мерзімдерінің сақталуы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен байланыс операторлары арасындағы іс-қимылды үйлестіру мәселелерін қарады. Конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде тиімді мониторинг жүргізу қажеттігі атап көрсетілді.
Отырысқа Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ұлттық экономика, сондай-ақ Қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен ескертулер тиісті хаттамада қамтылатыны және шаралар қабылдау мен Заңның іске асырылу барысын одан әрі бақылау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатыны атап өтілді.