Taldau Talks: Ғылым және жоғары білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Taldau Talks подкасының жаңа шығарылымы жарық көрді. Бұл жолы сарапшылар еліміздегі ғылым және жоғары білім жүйесін дамытуға, жүргізіліп жатқан реформаларға және саладағы сын-қатерлерге қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ отандық ғылымның ел дамуына ықпалы, ғалымдардың әлеуетін тиімді пайдалану, қаржыландыру және инновациялық экожүйе қалыптастыру тетіктері кеңінен сөз болды.
Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев модераторлық еткен подкасқа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Narxoz Business School деканы Гүлнәр Күреңкеева және Nazarbayev University профессоры Дөрбетхан Сұраған қатысты.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім саласын дамыту мемлекеттің маңызды стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындап бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент бастамалары жүйелі реформалар арқылы ғылымның сапасын арттыруға, университеттердің әлеуетін күшейтуге және ғылыми нәтижелерді нақты экономикалық өсімге бағыттауға негізделген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдарда ғылым және жоғары білім саласында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейтілді. Ғылым туралы заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізіліп, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Ғалымдарды қосымша қолдау тетіктері қалыптасып, саланы қаржыландыру көлемі де едәуір артты. Осындай нақты қадамдар Қазақстан ғылымы мен жоғары білімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар қатысушылар бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, ғылым нәтижелерін коммерцияландыру және қолданбалы зерттеулерді күшейту аса маңызды екенін атап өтті. Подкаста жасанды интеллектінің ғылым және жоғары білім жүйесіне ықпалы, оны зерттеу мен оқыту процесіне енгізу, университеттерді инновациялық орталықтарға айналдыру мәселелеріне де баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев бұл бағытта адам капиталы айрықша маңызға ие екенін айтты.
«Біз технологиялық серпіліс дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Жасанды интеллект пен жаңа технологияларды тиімді пайдалану үшін, ең алдымен, жүйелі және сыни ойлай алатын күшті кадрлар дайындауымыз қажет. Ғылым тек академиялық ортаға ғана емес, экономиканың нақты секторларын дамытуға да ықпал етуі керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылыми әлеует ел дамуына қызмет ететін нақты нәтижеге бағытталуға тиіс», – деді Сенат Төрағасы.
Бұдан басқа, қатысушылар жоғары білім жүйесін одан әрі жаңғырту, университеттердің академиялық еркіндігін арттыру, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту және халықаралық тәжірибеге мән беру бағытындағы басымдықтарға назар аударды.
Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалогқа арналған подкаст-платформа. Онда ел дамуының өзекті мәселелері және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға арналған практикалық қадамдар талқыланады.
Подкастың толық нұсқасын Taldau Talks-тың ресми YouTube-арнасынан мына сілтеме арқылы көруге болады – https://www.youtube.com/watch?v=JSoLiGKjy-g