Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
503.44 593.35 6.55

Конституциялық реформа: сабыр мен нақты талдаудың маңызы

Бүгін, 10:09 018.kz

Қазіргі таңда Конституциялық реформа төңірегінде қоғамда әртүрлі эмоция байқалып, дабыралы мәлімдемелер жиілеген. Алайда Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, дәл осы сәтте асығыс тұжырымнан гөрі сабыр сақтап, нақты деректерге сүйене отырып, мәселенің мәніне терең үңілу аса маңызды.

Депутат атап өткендей, бүгін талқыланып жатқан конституциялық реформа кенеттен пайда болған бастама емес. Бұл – Қазақстанда 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді саяси өзгерістердің заңды жалғасы. Сол кезеңде ел эволюциялық даму жолын таңдап, саяси күйзелістерсіз, біртіндеп реформалар жүргізді.

Нұрлан Әуесбаев қазіргі уақытта қоғамда бірпалаталы парламентке қатысты сыни пікірлердің күшейгенін де назарға алды. Оның айтуынша, бұл – заң шығарушы биліктің тиімділігіне деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Осыған байланысты күрделі әрі ауыр екіпалаталы жүйеден бас тартып, қоғам үшін түсінікті, жауапкершілігі жоғары әрі ықшам модельге көшу қажеттігі туындады.

Социал-демократтар үшін бұл мәселе жаңалық емес. ЖСДП 2013 жылы қабылдаған бағдарламасында унитарлы мемлекет жағдайында екіпалаталы парламенттің тиімсіз екені нақты әрі дәйекті түрде көрсетілген. Дәл осы логика аясында қоғамдық диалог алаңы ретінде Халық Кеңесін қалыптастыру және азаматтардың жеке ұсыныстарын еркін жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа жоғары консультативтік орган құру ұсынылып отыр.

Депутаттың айтуынша, бұл бастамалар партия құрылған күннен бастап бейбіт митингілерде, парламенттік пікірталастарда, сараптамалық кеңестерде, қоғамдық алаңдарда және бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі көтеріліп келген. Бүгінде сол ұсыныстардың басым бөлігі Конституцияның жаңа жобасында көрініс тауып отыр.

Нұрлан Әуесбаев ерекше атап өткен тағы бір маңызды жайт – жаңа Конституция жобасында билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігі толықтай жоққа шығарылған. Президент өкілеттігі бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектеледі. Сонымен қатар президент өкілеттігін уақытша атқарған тұлғаға қайта сайлану құқығы берілмейді. Ал келесі президенттің Конституцияны өзгерту үшін парламентті тарату құқығы негізсіз деп танылған.

Бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығына қатысты айтылып жүрген алаңдаушылықтарға да депутат нақты жауап берді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтарын шектеу туралы ешқандай норма жоқ. Бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі, сөз бостандығы және өз пікірін білдіру құқығы бұрынғыдай толық сақталған. Тек құқықтық тұжырымдамалар нақтыланып, рәсімдер жетілдірілуде.

Сондай-ақ ЖСДП 2013 жылғы бағдарламасында бейбіт жиналыстарды хабарлау тәртібімен өткізу, сөз бостандығын, тәуелсіз БАҚ-ты қорғау және шынайы саяси әртараптылықты қамтамасыз ету мәселелері тұрақты түрде көтерілгені еске салынды. Осыған байланысты депутат ұзақ жылдар бойы демократиялық талап ретінде қабылданған идеялардың бүгін бір сәтте қауіп ретінде көрсетілуі заңды сұрақ туғызатынын айтты.

Қорытындылай келе, Нұрлан Әуесбаев ЖСДП фракциясы үшін конституциялық реформаның саяси жағдайға байланысты емес, партияның жиырма жылға жуық уақыт бойы қорғап келген қағидаттарының жүзеге асуы екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысын, халықтан шыққан нақты ұсыныстарды қамтып отыр. Ал негізгі міндет – реформалардың мазмұнын азаматтарға ашық әрі түсінікті түрде жеткізу.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив