Абай облысында балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқарма құрылады
Семей қаласында өткен «Мен және Заң» форумына облыс әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Ерлан Абаев, Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бейнережимде қатысты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы жиынның маңызына тоқталып, мұндай шаралар қоғамда заң үстемдігін нығайтуға, өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға және жауапты азамат тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.
Жиында бас прокуратура, облыстық прокуратура және Семей қалалық полиция басқармасының өкілдері балалар құқықтарын қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Форум барысында облыстық әкімдік, облыстық прокуратура және Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында балаларды психологиялық қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024 жылдан бері психологиялық қолдаудың өңірлік әдістемелік орталығы тұрақты негізде жұмыс істейді. Орталық қызметі барысында мыңнан астам өтініш қабылданып, жеке консультациялар мен кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Облыстың білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг және құқыққа қайшы басқа да мінез-құлық түрлерінің алдын алуға бағытталған қосымша сабақтар енгізілетін болады. Қосымша сабақтарды бас прокуратура бекіткен құқық қорғау органдарының өкілдері өткізеді. Осындай жоба өңірдің 25 оқу орнында іске асырылатын болады.
Аймақта 2024 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау үшін «Мейірім» акциясы іске асырылуда. Бұл акция балаларға әлеуметтік дағдыларды алуға және ересектер тұлғасында қиын уақытта тыңдауға және көмектесуге, кеңес беруге, болашақты таңдау кезінде бағыттауға және алға қойған мақсаттарға жетуге ынталандыруға қабілетті достар табуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 222 бала облыстық басқармалардың, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің бөлімдерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің, мектептердің, колледждердің және ЖОО ұжымдарына бекітілді.







