Аида Балаева: Конституцияны талқылау кезеңінде жалған ақпаратқа жол бермеу маңызды
Қазіргі таңда Қазақстан алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Осы орайда жаңа Конституция жобасын талқылау елдің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің ресми парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары осы жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Атап айтқанда, арандатушылар негізсіз әрі жалған ақпарат таратып, танымал тұлғалардың атынан фейк-парақшалар мен аккаунттар ашуда. Мұндай жалған аккаунттар арқылы тіл, жерді сату сияқты қоғамды алаңдататын тақырыптар бойынша арандатушылық мазмұндағы хабарламалар мен үндеулер жарияланып жатыр.
Сонымен қатар, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған ақпараттар таралуда. Кейбір жағдайларда Конституцияның жекелеген баптары әдейі бұрмаланып, қате түсіндіріліп жүргені де байқалады.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал ақпараттық парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны жөнінде де мәліметтер тіркелген. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде бұл жағдай жан-жақты зерделеніп, тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Осыған байланысты Аида Балаева азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Министр жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.