Жастар жаңа Конституция жобасын қолдайтындықтарын мәлімдеді
Бүгін елордада студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары мен белсенді жастардың қатысуымен «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында диалог алаңы өтті. Жиын қорытындысында қатысушы жастар Қазақстан Республикасының Негізгі Заңына енгізілетін өзгерістерді толықтай қолдайтындықтарын білдіріп, арнайы мәлімдеме жасады.
«Ауыл» партиясының Орталық аппаратында өткен басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси жаңғырулардың қорытынды кезеңі саналатын жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды.
Іс-шараны ашқан «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш жаңа құжаттың идеологиялық маңызына тоқталып, Конституция жобасы «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын заңдық деңгейде бекітетінін атап өтті.
Диалог алаңында жастардың саяси ұстанымы айқын көрініс тапты. Еуразия ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Қазақ ұлттық спорт университетінің студенттік көшбасшылары ұсынылып отырған реформаларға қатысты өз көзқарастарын білдірді.
Жиынға қатысқан студенттік ұйымдардың лидерлері мен белсенді жастар жаңа Конституция жобасын елдің демократиялық дамуын айқындайтын, азаматтық қоғамды нығайтатын тарихи қадам ретінде бағалап, оны толық қолдайтындықтарын жеткізді. Студенттердің айтуынша, жаңа Негізгі Заң адам капиталына, білім мен инновацияға басымдық беріп, жас буын үшін жаңа әлеуметтік лифтілер мен құқықтық кепілдіктерге жол ашады.
Сарапшылар мен саясаттанушылар Д. Прімбетов пен Е. Елемес бір палаталы Парламент құру және партиялық жүйені жандандыру саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Сонымен қатар, Конституцияға өзгерістер енгізудің бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы мемлекеттік тұрақтылықтың маңызды кепілі екені айтылды.
Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция – өткенді саралап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау деген ортақ пікірге келді.



