ЖСДП Орталық аппаратында Конституциялық реформа жан-жақты талқыланды
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында партияның бастауыш ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Конституциялық реформаға арналған кеңейтілген талқылау өтті.
Жиынға Ақмола және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – халық талқысына ұсынылған Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістердің маңыздылығын түсіндіру, оған қатысты түрлі ұстанымдар бойынша пікір алмасу және өңірлерде Ата Заң жобасын талқылау барысын пысықтау болды. Бұл өз кезегінде партия құрылымдарының қоғамдағы рөлін айқындай түсті.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов ұсынылып отырған Конституция жобасы елдің болашақ дамуы мен мемлекеттік қалыптасуына бағытталған жаңа стратегиялық бағдар екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды әлемдік деңгейдегі «Социалистік интернационал» халықаралық саяси ұйымының толық қолдайтынын жеткізді. Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – аталған халықаралық саяси ұйымға Қазақстаннан мүше болып отырған жалғыз партия.
Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттарын, оның қоғамдық-саяси даму үшін маңызын, сондай-ақ әлеуметтік салаға, еңбек қатынастарына және мемлекеттік басқару жүйесіне ықтимал әсерін жан-жақты саралады. Ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін терең түсініп, оны қоғам мүшелеріне жүйелі әрі түсінікті түрде жеткізу қажеттігі ерекше атап өтілді.
Қатысушылар азаматтардың Ата Заң жобасына бейжай қарамауы керектігін айтып, өңірлік ерекшеліктер мен халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, алдағы уақытта азаматтардың талап-тілектерін заң аясында жүйелеу маңызды екенін жеткізді.
Диалог барысында ЖСДП өкілдері халықтан келіп түсетін барлық өтініштер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Конституциялық реформа аясында жүзеге асырылып жатқан «Халық Кеңесі», Құрылтай және саяси партиялардың қызметі толықтай халық мүддесіне бағытталғаны атап өтілді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен толық үндесетіні де егжей-тегжейлі баяндалды.
Кездесу қорытындысы бойынша ЖСДП-ның бастауыш партия ұйымдары өңірлерде түсіндіру және пікірталас жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Іс-шара іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтіп, партия белсенділерінің Конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын талқылауға белсенді қатысқаны атап өтілді.




