Respublica партиясының жетекшісі жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды
Жаңа Конституцияның жобасы кәсіби заңгерлердің, әртүрлі сала сарапшыларының және азаматтық қоғам өкілдерінің ұзақ әрі жүйелі жұмысы нәтижесінде әзірленді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мәжіліс депутаты, «Respublika» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді.
Айдарбек Қожаназаров, реформаны талқылау алты айдан астам уақыт бойы жүргізілгеніне тоқталды. Осы кезең ішінде жүздеген, мыңдаған азамат өз ұсыныстарын жолдады. Комиссия мүшелері ғана емес, жұртшылық та бұл құжатты қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін, терең ойластырылған және елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалап отыр. Соған орай ол жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды.
Сондай-ақ, ол ұлттық валюта мәртебесін Ата заңда бекіту туралы да мәлімдеді. Бұл ел азаматтары тарапынан түскен ұсыныстың бірі. Ұлттық валютаның болуы – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі саналады.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды.