Белгілі заңгер Жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару туралы ұсынысты қолдады
Конституциялық комиссияның VIII отырысында Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын Ата Заң деңгейінде бекітуді ұсынды.
Спикер мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды. Дәл осы әрекетсіздік құқықтардың ең жиі бұзылуларына әкеледі. Бұл – өтініштерді қарау мерзімдерінің созылуы, міндетті шешімдердің қабылданбауы, сот актілерін орындаудан жалтару, қызметтік міндеттерге формалды көзқарас таныту. Соның салдарынан адам құқықтық белгісіздік жағдайында қалады, яғни оның құқықтары танылғанымен, іс жүзінде іске асырылмайды.
2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылданып, қолданысқа енуі де көп жайттан хабар береді. Кодекс мемлекеттік аппараттың құқықтық санасына түбегейлі өзгеріс енгізіп, «азамат бәрін өзі дәлелдеуге тиіс» деген түсініктен «егер азаматта мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығына күмән туындаса, керісінше, соның заңдылығын дәлелдеу – мемлекеттік органның міндеті» қағидатына көшуге мәжбүр етті.
Мұндай жағдайда зиянды өтеу өтемдік, превентивтік және құқықтық-тәрбиелік сынды бірнеше функцияны атқарады. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, зиянды өтеудің нақты реттелген әрі конституциялық кепілдендірілген тетігі болмаса, азаматтар дәлелдеу қиындықтарына, мемлекеттік органдардың формалды көзқарасына және сот процестерінің созылуына тап болады.
Бұл құқықтарды қорғаудың тиімділігін төмендетіп, жария биліктің жауаптылығы қағидатының өзіне нұқсан келтіреді. Сондықтан көптеген құқықтық жүйелерде мұндай құқық конституциялық деңгейде бекітіледі. Қазақстанда бұл бағыт азаматтық заңнама, әкімшілік сот ісін жүргізу және сот практикасы арқылы дамып келеді.
Сонымен бірге, Серік Ақылбай азаматтардан түскен орынды ұсыныстар назардан тыс қалмағанын, бұл қоғам мен мемлекеттің ашық әрі сындарлы диалогының айқын көрінісі екенін жеткізді.