Негізгі заңға әйелдер көзқарасы: «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты жаңа Конституция жобасын әзірлеуге атсалысуда
«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасына әйел азаматтардың көзқарасы: құқық, теңдік, қатысу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері және партияның өңірлердегі Әйелдер қанатының мүшелері қатысты.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова модераторлық еткен дөңгелек үстелде жаңа Конституция жобасының әйелдер үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат әйелдердің қоғамдық өмірге араласуы, кәсіби дамуы мен саяси белсенділігіне тікелей ықпал етеді.
Талқылау барысында Конституция жобасында тең мүмкіндіктер қағидаттары бекітіліп, азаматтық қатысу тетіктері күшейтілгені, отбасыны, ананы және баланы қорғау көзделгені, сондай-ақ цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне, оның ішінде дербес деректерді қорғау мен жеке өмірге қолсұқпаушылық мәселелеріне жауап беретін нормалар қамтылғаны айтылды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Үнзила Шапақ жаңа Конституция жобасының құрылымы мен негізгі жаңашылдықтарына жан-жақты тоқталып, преамбуланың жаңартылуын, мемлекет қызметінің іргелі қағидаттарының бекітілуін, сондай-ақ құжаттың халықаралық стандарттарға сәйкестігін атап өтті. Сонымен қатар конституциялық процестің ашық әрі инклюзивті сипатына және Конституциялық комиссия жұмысына әйелдердің белсенді қатысуына ерекше назар аударды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Вера Ким жаңа Конституция жобасы бойынша жұмыс бірнеше ай бойы жүргізіліп жатқанын және кең қоғамдық талқылауға негізделгенін атап өтті. Ол қоғамдық қатысудың жаңа институттарын қалыптастыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог моделіне көшуге ерекше мән берді.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз сөзінде цифрландыру жағдайындағы адам құқықтары мен конституциялық кепілдіктер мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында алғаш рет цифрлық технологияларды пайдалана отырып, дербес деректерді қорғау және хат алмасу құпиялылығы құқығы бекітіліп отыр.
Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы, адвокат Динара Құдайқұлова адвокатураның ерекше мәртебесін Конституциялық деңгейде бекітуді көздейтін 86-бапқа назар аударды. Оның сөзінше, жаңа нормалар әділ сот жүйесіндегі адвокаттардың рөлін күшейтіп, салалық заңнаманың сапасын арттырып, азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау кепілдіктерін нығайтады.
«AMANAT» партиясының Маңғыстау облысы бойынша Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы Пания Сармұрзина жаңа Конституция жобасы жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейтуге, басқару ашықтығын арттыруға құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен қатар ол өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға, сондай-ақ әйелдер мен отбасыларды қолдауға бағытталған партияның Әйелдер қанатының бастамаларына назар аударды.
Шолпан Каринова қорытындылай келе, негізгі заң жобасы кең қоғамдық диалог аясында қалыптасып, азаматтардың нақты сұраныстарын ескеретінін атап өтті. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты алаңында өткен талқылау әйелдер, балалар және отбасы құқықтарын қорғау тұрғысынан ұсынылған өзгерістерді қарастыруға мүмкіндік берді. Кездесу қорытындысы бойынша партияның Әйелдер қанаты жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын екенін жеткізді.



