Сенаторлар жер және су ресурстары саласындағы цифрлық құралдармен танысты
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті депутаттары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Ситуациялық орталығына барды. Іс-шара Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау тақырыбындағы парламенттік тыңдауларға дайындық шеңберінде өтті.
Сапар барысында депутаттарға Ситуациялық орталықтың қызметі, сондай-ақ жер және су ресурстарын басқару саласында қолданылатын негізгі цифрлық шешімдер таныстырылды. Елдің жер қоры туралы деректердің ашықтығын, салыстырмалылығын және өзектілігін қамтамасыз ететін жария кадастрлық карта мен Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ парламентарийлерге лицензиялық-рұқсат беру рәсімдерін толықтай электрондық және автоматтандырылған форматқа көшіруге мүмкіндік беретін «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінің функционалы көрсетілді. Процестерді цифрландыру мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін едәуір қысқартып, әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыратыны атап өтілді.
Сонымен қатар сенаторларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқарудың салалық ақпараттық жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар таныстырылды. Ел бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру жұмыстары толық аяқталғаны, ал топырақтық, геоботаникалық және агрохимиялық деректердің ауқымды массиві кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп жатқаны атап өтілді. Жүйені іске асыру жерлердің сапалық жай-күйін орталықтандырылған есепке алу мен талдауды қамтамасыз етуге, оларды беру рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ аграрлық салада басқарушылық шешімдер қабылдау үшін талдамалық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізуге мүмкіндік береді.
Жеке блок Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараттық жүйелеріне арналды. Депутаттарға гидрологиялық модельдеуді, ерте болжау жүйелерін және су объектілерінің жай-күйін жедел талдауға әрі су пайдалануды тиімді жоспарлауға бағытталған ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін қоса алғанда, су ресурстарын мониторингтеу мен болжаудың цифрлық құралдары таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша аграрлық және су шаруашылығы салаларын цифрлық дамытудағы басым мәселелер талқыланды. Қатысушылар пікір алмасып, парламенттік тыңдауларды дайындау кезінде және заңнамалық әрі нормативтік реттеуді одан әрі жетілдіру барысында ескерілетін ұсыныстар мен ұсынымдарды белгіледі.