Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
495.1 583.72 6.46

ҚХП Орталық кеңсесінде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Бүгін, 15:50 018.kz

Қазақстан Халық партиясының Орталық кеңсесінде жаңа Конституция жобасына арналған пікірталас өтті. Іс-шараға партия белсенділері қатысып, елдегі конституциялық реформаның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.

Пікірталас партия мектебінің көпшілік алдында пікір айту және ашық диалог жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған алаңында ұйымдастырылды. Мұнда қатысушылар фактімен жұмыс істеу, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғау, баяндаманың стратегиясы мен риторикасын қалыптастыру, сөз сөйлеу логикасын сақтау және уақыт регламентін тиімді пайдалану машықтарын меңгереді. Жобаға қатысушылардың жасы, мамандығы мен қызмет саласына шектеу қойылмаған.

Аталған жоба еліміздің барлық өңірінде ҚХП филиалдарының базасында жүзеге асырылып келеді. Орталық кеңседе өткен бұл пікірталас – осындай кездесулер сериясының кезекті алаңы.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Мәжіліс депутаты, ҚХП «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар пікірталас алаңының маңызын атап өтті.

— Өкінішке қарай, кей жағдайда өз саласының кәсіби мамандары жеткілікті білімі мен тәжірибесі бола тұра, бастамаларын нақты тұжырымдап, ұстанымдарын дәлелмен қорғауда қиналып жатады. Ал оларға адамдардың, партияның, саланың, тіпті бизнестің мүддесін қорғау қажет. Сондықтан полемикалық шеберлікті арттыру үшін осындай алаң құрдық, — деді ол.

Пікірсайыс шарты бойынша қатысушылар сөз сөйлеуге алдын ала дайындалмайды. Баяндаманың тақырыбы мен қорғалатын ұстаным спикерлерге пікірталас барысында ұсынылады. Қазылар алқасы олардың ойды нақты жеткізе білуін, дәлелдерінің қисындылығын және тыңдаушыларды иландыра алу деңгейін бағалайды.

Пікірталас кезінде қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалды. Бұл жолы жаңа Конституция жобасы аясында «Конституцияның преамбуласы – болашақтың компасы» және «Адамға бағдарланған мемлекет» тақырыптары талқыланды.

Пікірталасқа қатысқан ҚХП белсендісі, жобалау компаниясының басшысы Найля Аппасова бір палаталы Парламент құру бастамасына қолдау білдіріп, бұл қадам бұрын жүзеге асырылған реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті.

— Саяси жүйе реформаланып, басқару тетіктері трансформациядан өтуде. Бір палаталы Парламент кәсіби әрі тәжірибелі мамандарды біріктіріп, олардың шешім қабылдаудағы жауапкершілігін күшейтеді, — деді Н. Аппасова.

Сондай-ақ саясаттанушы, «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжібаев «Күшті тұлғалардың орнына – күшті институттар» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі Конституциялық реформа басқару жүйесін институционалдық тұрғыда нығайтуды көздейтінін айтты.

— Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жаңа Конституцияда барлық қажетті жағдай қарастырылған, — деп түйіндеді саясаттанушы.

Қазақстан Халық партиясы мұндай пікірталас алаңдарын алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив